Тұрбаттың тылсым сырлары
Дәм бұйырып, жуырда Қазығұрт тауының бауырында жатқан Тұрбат ауылына барудың сәті түсті. Қазығұрт кентінен шығыста 20 км жерде, Қосмола шоқысының етегінде жатқан ауыл қазіргі кезде аумағында үш бірдей ортағасырлық қала орны мен сегіз архитектуралық ескерткіші бар санаулы елдімекендердің бірі. Алдымен Тұрбаттан 8 км қашықтықтағы биікте бой көтерген «Нұртау» демалыс аймағына ат басын бұрдық. Басшысы осы ауылдың азаматы Нұрлан Қадыров деген жеке кәсіпкер. Өз ауылына жанашыр жан екен. Жеке қаржысына үлкен футбол алаңын салып беріпті. Тағы біраз жоспарлары бар көрінеді.
«Нұртау»-ға былтырғы жаздың өзінде оған 18-ге жуық елден туристер келіп, демалып кетіпті. Келушілерге толық жағдай жасалған. Фин моншасы бар.«Көпшілік жанға жайлы мекенді, табиғат аясында тыныштықта серуен құрғанды ұнатады. Мұнда оған мүмкіндік мол. Тау бөктерінде сарқыраманың суына шомылу ерекше әсер сыйлайды. Доланасы жүрекке ем. Құрт, май, қымыз-шұбат дегеніңіз бәрі табиғи. Ағаш бұтасынан жасалған қарапайым шарбаққа дейін шетелдіктерге қызық», дейді кәсіпкер. Ерекшелігі, бұл жердің суы өте шипалы екен.
Көктерек бұлағының суы көкжөтелге, сүйелге, тіпті бүйрек ауруына да ем көрінеді. Емдік суды іздеп сонау Ташкенттен келеді екен жұрт. Байқағанымыз, демалыс аймағының ауасы өте таза. Жұта бергің келеді.
Бұдан соң «Ысмайыл ата» архитектуралық кешеніне бет түзедік. Ол Тұрбат ауылында орналасқан, ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Бұл кешен: Ысмайыл ата кесенесі, Жәбірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі, шілдехана, қақпа, мешіттен тұрады. 1976 жылдан бастап мемлекет қарауына алынған, 2006 жылы реконструкциялық жұмыстар жүргізілген.
1896 ж. Тұрбат ауылынан бір бетінде ұзын имек тұмсықты құстың басы бейнеленген, біржүзді, сабы бар қола пышақ табылған екен. Б. з. д. VIII–IV ғғ. жататын бұл зат осы тау бөктерін адамдар ерте көшпенділер дәуірінде-ақ игеріп алғанын айғақтайды. Алайда Тұрбат ескерткіштерінің басым бөлігі ортағасырлық кезеңге жатады.
Мұнда әулиелер қатарындағы ортағасырда кеңінен танымал болған шайқылар – Ысмайыл ата мен Ысқақ атаның кесенелері орналасқан діни кешендер тұр. ХIV ғ. өмір сүрген олар Қожа Ахмет Яссауи ілімін ұстанған үлкен сопылық қауымның тәлімгер-шайқылары болған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Ысмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады.
С.Тастанбек