Әрі демалыс, әрі спорт
Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының батысында орналасқан жеке дара тау екенін бәрі біледі. Ал енді оның сырт жағында тұрған Қаржан, Өгем таулары бар. Көрген көзге әсемдік сыйлайды. Қарап тұрғанда санаңды сергітетін сұлу сарқырамаларын айтсаңшы. Әсіресе, Қаржан тауының етегіндегі Қырыққыз шатқалының кереметі кім-кімнің де есінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз.
«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем филиалының Өгем шатқалында қонақжай, бақылау бекеттері, демалыс орындары, аңшылар үйі орналасқан. Мақпалкөл – ауданның ғана емес, облыстағы теңіз деңгейінен ең биік нүктеде орналасқан көл, теңіз деңгейінен 2100 м. биікте. Табиғи парктің Өгем бөлімі демалушыларға арналған 2 туристік соқпақ: Мақпалкөл және Сусіңген көлдеріне атпен және жаяу серуендеу машруттары туристерге тұрақты түрде қызмет етіп келеді. Олар: 1) Өгем елді мекенінен Мақпалкөлге 3 күндік атпен саяхат, 45 км., мерзімі маусым-қыркүйек айлары аралығы; 2) Өгем елді мекенінен Сусіңген көліне 3 күндік атпен саяхат, 31 км. Ұлттық парктің территориясында Қырық қыз, Күйеутас секілді табиғи тас мүсіндері, Ордақонған, Ұлыжұрт, Кішіжұрт тарихи қоныстары мен тарихы тас дәуіріне кететін үңгірлер белгілі.
Өгем аңғарының табиғатымен бірге флорасы мен фаунасы да саяхатшылардың назарын өзіне аудармай қоймайды. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем бөлімінің территориясында мекен ететін 7 сүтқоректі, 7 құс және өсімдіктердің 62 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы — С.Рахимов ауыл округінде жалпы құны 200 млн теңгелік «Сауықтыру орталығы және балалар лагері, Демалыс аймағы» жобасын іске асыруда. Қуантатыны, ауданда балалар туризмі де жақсы қалыптасып келеді. Оқушылардың жазғы демалысы кезінде «Атбұлақ» жалпы орта мектебінің интернаты базасында «Шапағат» балалардың жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы оқушылардың жазғы демалысында сауықтыру лагері қызметін атқара бастады. Былтыр «Шапағат» балалар сауықтыру лагерінде 500 бала, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасында 1000 бала демалыпты. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Қазығұрт жоталарында тауға жүгіруден (скайраннинг) жарыстар мен туристік жорықтар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Бүкіл қазақ білетін киелі Қазығұрт тауына саяхат жасайтындар аз емес. Осы таудың ең биік нүктесі 1768 метрге көтеріліп, демалысына демалыс қосып, өз-өзіне адреналин сыйлайтындар да жетерлік. Ол әрі спорт, әрі туған жердің тарихына деген жанашырлық.