Қазығұртты тамашалаушы туристер саны көбейген

Қазығұрт ауданындағы туристік нысандар негізінен туризмнің тарихи-діни мінәжат ету және табиғи-экологиялық түрлеріне бейімделген. Халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар Ысмайыл ата, Ысқақ ата, Ақбура әулие кесенелері секілді көпшілік мінәжәт ететін әулиелі жерлер көптеп кездеседі және «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аймақтары бар. Облыстық туристік маршруттар тізіміне «Кеме қалған» монументі – Ақбура әулие кесенесі – «Ысмайыл ата» архитектуралық кешені» маршруты енгізілген.

Ақбура әулие кесенесі Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс баурайындағы бұлақ жағасына орналасқан (Ақбура әулие Қ. А. Ясауидің әрі замандасы, әрі шәкірті болған. Заманында ақ бураға мініп, зікір салып жүретіндіктен, оны ел іші Ақбура әулие атаған). Қазір мұнда кесене және қонақжайлар салынып, зиярат етуге келгендер үшін қосымша құрылыстар жүргізілген. «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі – халық аузындағы аңыз желісін негізге ала отырып, жер бетіне тіршілік нәрін сепкен Нұх пайғамбар кемесін бейнелеуге талпынған. Авторлардың көшпелі халықтың дүниетанымымен санаса отырып жұмыс істегені айқын көрінеді, төрт түлік тегінің өрбуі (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата) туралы аңыздар лебі айқын сезілетін кеме бейнесі ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тамаша үйлескен.

Қазығұртта Сейдалы Дүйсебайұлы деген азамат тұрады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы болып істейтін ол әлеуметтік желілер арқылы жұртшылықпен осы өңірдің туризм саласындағы жедел ақпараттарымен бөлісіп отырады. Өзі нағыз табиғат жанашыры.

– Жоғарыда аталған негізгі үш туристік нысанға 2015 жылдың қорытындысымен сырттан келушілер саны 2572 адамды құрады, – дейді С. Дүйсебайұлы. – Оның қатарында ішкі келушілер саны 26 799 адам (жалпы барлығы 29 371 адам). Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда өсіп отыр. Яғни, сырттан келетін туристер саны жалпы 40 мың адамға жуық болды.