Қазығұрт өңірі құнарлы да шұрайлы өлке
Бүгінде үлкен күре жолдың бойындағы Қазығұрт жотасына Нұх пайғамбар кемесінің символдық макеті қойылған. Алыстан көзге шалынады. Бұл әрине, туристерді тартудың, ел азаматтарын рухтандырудың бір тамаша белгісі.
Қазығұрт өңірі құнарлы да шұрайлы өлке. Ауылы берекеге толы, ауасы таза, тұнық өзендерін көру бір бақыт. Қымызы мен шұбаты, құрты мен қазысының дәмі ше, таңдайыңызда жүреді. Бұл дегеніңіз, туристерді тартуға үлкен мүмкіндік. Жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың былай дейтіні бар: «Қазығұрт – тек Қазығұрт ауданы ғана емес. Шымкентіңіз сол таудың баурайында. Сондықтан таяу маңайдағы Төле би, шығыс жақтағы Сайрам, сәл терістік тұсқа таманғы Ордабасы аудандары атыраптарынан әкелінер қымыздың бәрін бір сөзбен Қазығұрттың қымызы деуге әбден болады». Жөн-ақ дерсіз. Былтыр жазда ұзақ қашықтыққа жүгіретін әйгілі желаяқ, американдық Дин Карназес Қазығұртқа келген. Сонда қонақ боп, қазақтың ұлттық ас мәзіріне риза болыпты. «Ұлттық сусындарыңызға ешбір сусын жетпейді» деп сіміре беріпті.
Көктем Оңтүстіктен басталады деп жиі айтылады. Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз Қазығұрттан басталады» депті. Текке айтпаса керек. Осыдан он үш мың жыл бұрын Ұлыстың Ұлы күні Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған тұста мерекеленген деген аңыз бар. Белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалық бұл орайда нақты дәлелдер келтірген.
Білгенге маржан
Ежелгі жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда «Қазығұрт» атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – «қаңғұқ-урт» болған деседі. Мұндағы «Қаңғұқ» (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі «бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана» дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікір бар. «Қазығұрт» атауы «Қазық» сөзіне «йурт» (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың «Қазық жұрты» дегенді білдіреді