ТҮРКІСТАН – ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨҢІР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи өндіріс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында кешенді әрі жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Уақыт талабына сай жүзеге асып жатқан бұл оң өзгерістер ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында өз жемісін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін берді.
Тарқатсақ, ұлттық мереке қарсаңында Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды нысандар салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Жалпы құны 60 миллиард теңгеге жуықтайтын бұл ауқымды жобалар тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп және де ауыл шаруашылығы салаларын түгелдей қамтиды. Қаржыландыру көздеріне тоқталсақ, бұл қаражаттың 22,3 миллиард теңгеден астамы бюджеттік инвестициялар есебінен бөлінсе, 35,6 миллиард теңгеден астамы жеке инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылған. Ең бастысы, іске қосылған жобалар аясында жергілікті 648 азаматты тұрақты жұмыспен қамту межесі толық орындалды. Оның ішінде жеке инвестициялық жобалар есебінен 477 жаңа жұмыс орны ашылса, бюджеттік жобалар аясында 171 адам еңбекке тартылды. Маңызды нысандардың ашылу шараларына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ерекше басымдық беріліп отыр. Маңызды жаңалықтың бірі – Түркістан қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған 7 қабатты 14 тұрғын үйдің пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ Сарыағаш ауданында заманауи дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер есігін ашса, облыстың бірнеше ауданында жаңа мәдениет үйлері, кітапханалар мен спорт кешендері пайдалануға берілді. Бұған қоса, Сарыағаш қаласындағы орталық стадион толық қайта жаңғыртудан өтіп, спортсүйер қауымның игілігіне ұсынылды, ал шалғайдағы ауылдық елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары сәтті жүргізілді.
Экономиканың күретамыры саналатын өндіріс саласында да жеке инвестициялар есебінен ірі жобалар жүзеге асты. Мәселен, Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін бірегей кәсіпорын мен алюминий композиттік панельдер зауыты іске қосылды. Аграрлы өңірдің әлеуетін арттыру мақсатында Мақтаарал ауданында мақта майын өңдеу, ал Жетісай мен Отырар аудандарында мақта өңдеу кәсіпорындары жұмысын бастады. Сайрам ауданында бидай өнімдерін өңдейтін заманауи диірмен мен азық-түлік қоймасы ел игілігіне берілсе, Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған технологиялық тораптар өндіретін зауыт ашылды. Бұл жобалар аймақта ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге, жергілікті өнім көлемін арттыруға және отандық өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген бұл нысандар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік серпін беріп, тұрғындарға қолайлы тұрмыс жағдайын жасауға, кәсіпкерлікке жол ашуға әрі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Өңірдегі бұл оң қарқын мұнымен тоқтамайды, жыл соңына дейін облыста тағы да бірқатар әлеуметтік нысандар мен жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.
С.НҰРАЙ.




