ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТІК ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Шымкент тарихында алғаш рет IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) өтті. Жаһандық іскерлік жиынға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор, ірі бизнес өкілдері мен халықаралық сарапшылар арнайы келіп, өзара ынтымақтастық пен жаңа жобалардың болашағын кеңінен талқылады. Форумның «Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» деп аталған пленарлық сессиясын ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес елімізде инвесторларға жасалып жатқан жағдайлар мен экономикалық мүмкіндіктерді жіпке тізді.
Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың даму әлеуетін жан-жақты таныстырып, үшінші мегаполистің инвесторлар үшін қаншалықты тиімді мекенге айналып келе жатқанын нақты сандармен дәлелдеп берді. Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі 13 миллиард АҚШ долларына жеткен. Тағы бір қуантарлығы, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі екі есеге жуық артып, 7 миллиард долларды құрады. Бүгінде шаһарда 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 2 мыңға жуық компания мен бірлескен кәсіпорын өнім өндіруде. Осы уақытқа дейін сыртқы инвесторлардың қолдауымен жалпы құны 1,5 миллиард доллар болатын 20 жоба сәтті жүзеге асырылса, қазіргі таңда 7,5 миллиард долларды құрайтын тағы 21 жобаның жұмысы қызып жатыр. Шымкентте өз ісін өркендетіп жатқан алпауыт халықаралық компаниялардың қатарында CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics сияқты әлемге танымал брендтер бар.
Сонымен қатар өңірге жаңа инвесторларды тартып, өндірісті өркендету үшін қолданыстағы төрт өнеркәсіптік алаң кеңейтіліп, жаңадан металлургиялық өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы ұлғайтылған соң, жаңа өндіріс орындарын орналастыруға арналған жердің көлемі 1 700 гектардан асады. Сондай-ақ қала әкімі Шымкент халықаралық әуежайының жаңа терминалы өңірдің транзиттік және логистикалық мүмкіндігін еселей түсетінін ерекше атап өтті. Жаңа терминал жылына 12 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Болашақта екінші ұшу-қону жолағы іске қосылғанда жүк тасымалы мен транзиттік ағын одан ары жандана түспек. Соңғы екі жылда халықаралық әуе бағыттарының саны 10-нан 22-ге дейін көбейіп, тасымалданған жүк көлемі бірден 176 пайызға артқан.
KGIR 2026 ауқымды жиыны аясында жалпы құны 4,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын 22 маңызды құжатқа қол қойылды. Форумның Шымкент үшін ең басты жеңісі – қала әкімдігі мен KÖKSAN және Dentafill Kazakhstan компаниялары арасындағы жалпы сомасы 82,8 миллион АҚШ долларына тең меморандумдар болды. Атап айтсақ, KÖKSAN компаниясы қалада ПЭТ қаптамалары мен преформалар шығаратын зауыт салмақ. Ал Dentafill Kazakhstan компаниясы отандық фармацевтика саласын өркендетіп, дәрілік препараттар өндірісін кеңейтуді көздеп отыр. Екі жоба да еліміздің өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді.




