ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ШЫМКЕНТТЕГІ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент — даму қарқыны жоғары, өнеркәсібі өркендеген, инфрақұрылымы күн санап түрленіп келе жатқан еліміздің үшінші мегаполисі. Соңғы жылдары қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей басшылығымен атқарылып жатқан ауқымды істер шаһардың әлеуметтік-экономикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға зор серпін беруде. Елдің оңтүстік хабы саналатын мегаполистің өркендеуін, зауыт-фабрикалардың тынысын және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысын арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов өз көзімен көрді. Үкімет басшысының сапары мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасының жаңа өсу бағыттарын дамыту және жолдардың сапасын арттыру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын бақылауға бағытталды.
Бүгінде Шымкентте өндіріс көрігі қызып, ірі индустриялық аймақтарда көптеген жобалар жүзеге асуда. Сапар барысында Үкімет басшысы әуелі «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарында болып, отандық өндірістің әлеуетін қарап шықты. Мәселен, «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Wan Sheng Ceramic» зауыты керамогранит өнімдерін шығару бойынша толық жобалық қуатқа шығып, жылына 12-13 миллион шаршы метр өнім өндіруге мүмкіндік алып отыр. Кәсіпорында 350 тұрақты жұмыс орны құрылып, сабақтас салаларды қосқанда 1 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Ең бастысы, мұнда пайдаланылатын шикізаттың 95 пайызы Қазақстанның өз кен орындарынан алынады. Ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, зауыт өз өнімінің 40 пайызын ТМД елдеріне экспорттап отыр және алдағы уақытта өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлауда. Ал «Тассай» алаңындағы «Asia Trafo» ЖШС зауытында үшөлшемді жобалау, математикалық модельдеу мен цифрлық басқару технологиялары енгізілген. Жылына 12 мың МВА жобалық қуаты бар бұл кәсіпорын Қазақстанның 500 кВ дейінгі кернеу класындағы қосалқы стансалық жабдықтарға деген қажеттілігінің 90 пайызына дейін қамтамасыз етеді. Зауыттың күштік трансформаторлары жаңа жылу электр орталықтары мен электр стансаларын салу сияқты ірі энергетикалық нысандарға жеткізіледі және мұнда 200-ден астам жергілікті маман жұмыс істейді.
Жалпы Шымкент қаласында 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың аумағы 90 пайызға толған және онда 354 жоба іске асырылған. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,9 триллион теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2,2 есеге артқан. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 триллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,4 пайызға өсіп, 580 миллиард теңгеге жетті. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 10,5 миллиард теңге сомасына 1 480 жоба қамтылды. Сонымен бірге білім беру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттарға 439,5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Сапар қорытындысында Премьер-министр тиісті министрліктер мен Шымкент қаласы әкімдігіне бұл зауыттардың ағымдағы қуатын кеңейтуге қажетті қолдау көрсетуді және индустриялық аймақтардың толық жүктелуін жеделдетуді тапсырды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жіті назарында тұрған тағы бір басты бағыт инфрақұрылым мен көлік қатынасын жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру екені даусыз. Осы орайда, Олжас Бектенов Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы ауқымды жолайрық құрылысымен танысты. Жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жобада ұзындығы 550 метрге жуық эстакада, 180 метрден асатын жол өтпесі және 3 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар төрт жолақты қозғалыс қарастырылған. Қазіргі таңда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, көпір үстімен көлік қозғалысы ашылды, ал төмендегі жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады.
Бүгінде мегаполис жолдарының жалпы ұзындығы 3,8 мың шақырымды құрайды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым жолға асфальт төселіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткенін баяндады. Шымкентке күн сайын 140 мыңға дейін автокөлік кіреді, оның 80 мыңға жуығы — транзиттік көліктер. Көлік жүктемесін азайту үшін биыл П.Момынов және К.Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері арқылы да қозғалыс ашылды. Басты инфрақұрылымдық жаңалықтардың бірі – Шымкент әуежайын реконструкциялау жұмыстары. Жалпы құны 46,1 миллиард теңге болатын бұл жоба аясында екінші ұшу-қону жолағы мен бұру-қозғалу жолдарын салу көзделген, ал құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Премьер-министр сапарды қорытындылай келе, Мемлекет басшысының жол сапасын жақсарту тапсырмасына сәйкес, жол құрылысы стандарттары мен олардың жай-күйін бағалау жүйесін қайта қарайтын арнайы Үкіметтік жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Сөзінше, саладағы тәртіпті реттеп, өңірлік және ауданаралық жолдардың сапасын арттыру маңызды. Жергілікті жерде әкімдіктер жаппай бақылау мен цифрландыру арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Түйіндей айтқанда, Үкімет басшысының Шымкентке жасаған бұл сапары мегаполистің өндірістік әлеуеті мен инфрақұрылымдық даму бағытын нақты таразылауға мүмкіндік берді. Қалада қолға алынған ауқымды жобалар, өнеркәсіп пен жол құрылысындағы оң серпін мегаполистің экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған. Ауқымды жобалардың алдағы уақытта да жалғаса түсеріне, жандана беруіне сенімдіміз!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




