МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫН ЖАРИЯЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты шарты ретінде азаматтарды толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту мәселесін алдыңғы орынға қойды. Бұл бағытта еліміз тек жекелеген жобалармен шектелмей, барлық аймақтарды қамтитын ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс екендігі баса айтылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құруды басты меже ретінде белгіледі. Осы орайда, тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қаржылай резервтер жинаумен қатар, технологиялық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы бар, озық инфрақұрылымы мен өмір сүруге қолайлы ортасы қалыптасқан жаңа тұрпатты мемлекет құруды басты миссия деп жариялады. Осы тарихи міндеттерді іске асыру мақсатында Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілету, инфрақұрылымды модернизациялау, көлік-логистика мен энергетика әлеуетін нығайту, сондай-ақ өнеркәсіпті жедел технологиялық жаңарту шаралары кеңінен қамтылды.
Сонымен бірге Президент аграрлық сектордың өнімділігін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, инвестициялық ахуалды жақсарту, Alatau City қаласын өркендету және шағын мен орта кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау бойынша нақты бастамалар көтерді. Бүгінгі заман талабына сай Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру, жасанды интеллектіні жаппай енгізу және цифрлық экономиканы қалыптастыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту көзделген. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында инфляцияны тежеу, қаржы, бюджет және салық саясатын жетілдіру басымдыққа ие болса, әлеуметтік сала мен ағарту жүйесін жаңғырту халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Сайып келгенде, бұл ауқымды бастамалардың барлығы қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын жан-жақты орнықтыру арқылы орындалып, мемлекетіміздің тұрақты дамуының берік іргетасын қалайды.

О.ҚАСЫМ.