ЖҮРЕККЕ САЛМАҚ ТҮСІРЕТІН 6 ӘДЕТТЕН АУЛАҚ БОЛҒАН ЖӨН

Жүрек-қантамыр аурулары — күллі әлемде адам өлімі мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі. Дегенмен білікті мамандардың айтуынша, бұл дерттің дамуына тікелей әсер ететін қауіпті факторлардың басым бөлігін бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Медицина сарапшылары адам жүрегіне салмақ түсіріп, дертке шалдықтыратын негізгі алты факторды бөліп көрсетеді. Олар — қан қысымының жоғары болуы, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмендігі, артық салмақ және қант диабеті.

Аталған қауіп-қатерлердің қомақты бөлігі әр адамның күнделікті өмір салтымен тығыз байланысты. Сондықтан қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылауда ұстап, дұрыс әрі теңгерімді тамақтану, күнделікті көбірек қимылдап, жаяу жүру және темекі сияқты зиянды әдеттерден біржола бас тарту — жүрек саулығын ұзақ жылдарға сақтаудың басты кепілі. Бүгінде Қазақстанда жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу және емдеу бағытында кешенді, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы атқарылған ауқымды шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 35,1 пайызға, ал жалпы сырқаттанушылық деңгейі шамамен 15 пайызға төмендеді. Бұл оң динамика биыл да өз жалғасын табуда. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы алты айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қанайналым жүйесі ауруларының сырқаттанушылығы 2,4 пайызға, артериялық гипертензия 6,7 пайызға, жүректің ишемиялық ауруы 6,6 пайызға, ал инсульт дерттері 2,3 пайызға төмендегені байқалды.
Бұл қуантарлық көрсеткіштер — отандық кардиологиялық және инсульттік қызметтерді дамытуға бағытталған мемлекеттік жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі. Қазіргі уақытта Қазақстанда бейінді медициналық орталықтардың желісі кеңейіп, елімізде жасалатын жоғары технологиялық күрделі операциялардың саны артып келеді. Оған қоса жедел медициналық көмек көрсету сапасы жетілдіріліп, инфаркт пен инсультті емдеудің ең заманауи халықаралық хаттамалары кеңінен енгізілуде. Десе де тәжірибелі мамандар өз денсаулығын сақтауда әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі аса маңызды екенін еске салады. Осы орайда әркім өзін жүйелі түрде тексеріп тұрғаны абзал. Қан қысымыңыз бен қандағы қант деңгейін тұрақты түрде өлшеп, уақытылы профилактикалық медициналық тексерулерден өтіп тұрыңыз. Күнделікті дене қозғалысын көбейтіп, темекіден арылыңыз және дұрыс тамақтануды өмірлік әдетке айналдырыңыз.