ЕЛІМІЗДЕ СҮТ ӨНДІРІСІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Елімізде сүт өңдеу саласы оң динамика көрсетіп, өндіріс көлемі біртіндеп өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанда 441,3 мың тонна өңделген сүт өндірілген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға жоғары.

Сүт өңдеу өндірісінің ең жоғары көлемі еліміздің теріскейі мен орталық өңірлеріне тиесілі болып отыр. Мәселен, есепті кезеңде көш басынан Солтүстік Қазақстан облысы көрінді. Онда 120,8 мың тонна өңделген сүт шығарылған. Көшбасшылар қатарында Ақмола облысы (96,2 мың тонна), Алматы облысы (64,7 мың тонна) және Қостанай облысы (43,0 мың тонна) бар. Айта кету керек, былтыр да бұл салада өсім жақсы байқалған еді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 671 мың тонна өңделген сүт өндіріліп, 2024 жылғы деңгейден 6,2 пайызға озған болатын.
Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, отандық сүт өнімдерінің сыртқа экспорты да арта түсті. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында өңделген сүт экспорты 2,9 мың тоннаны құрады. Бұл 2025 жылдың осы аралықтағы көрсеткішінен 3 пайызға жоғары. Отандық өнімді тұтынуда негізгі сауда серіктесіміз Ресей Федерациясы болып отыр. Көрші елге 2,24 мың тонна сүт жөнелтілген. Бұдан бөлек, экспорттың айтарлықтай үлесі Өзбекстан (307,9 тонна) мен Тәжікстанға (194,0 тонна) бағытталған.