МАТА ӨНДІРЕТІН ЖАҢА КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында оңтүстік өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, тоқыма өнеркәсібіне соны серпін беретін ауқымды инвестициялық жоба қарқынды жүзеге асырылуда. Аумағы 20 гектарды құрайтын өндірістік алаңда «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның мақта-мата жіптері мен джинс матасын шығаратын заманауи фабрикасы салынып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімдігі тарапынан ірі кәсіпорынға қажетті электр энергиясы, газ, су сияқты инженерлік-коммуникациялық желілерді жеткізу жұмыстары аяқталуға тақады.

Жобаның іске асу барысын жіті бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «TURAN» АЭА-ның 290 гектарлық қосалқы аймағына арнайы барып, құрылыс алаңын аралады. Инвесторлармен және мердігер «Qaz Build Elements» ЖШС өкілдерімен кездескен өңір басшысының орынбасары инфрақұрылым тартуды одан әрі жеделдетуді, бекітілген кестені берік ұстануды және құрылысшылардың еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтауды тапсырды. Оның айтуынша, инвестор алдында туындаған кез келген түйткілді мәселе уақытылы әрі жедел шешілуі тиіс. Ауқымды фабрика құрылысының жалпы құны 25,8 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде алаңда 40-қа жуық жұмысшы мен 4 арнайы техника үздіксіз еңбек етуде. Жатақхана мен кеңсе ғимараттары аяқталуға жақындаса, екі өндірістік корпустың жер және металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынның бірінші кезеңі 2026 жылдың соңына дейін іске қосылмақ. Ал жоба толық қуатына көшкен кезде жергілікті 1000-ға жуық азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Жалпы, «Hygeia Textile Kazakhstan» жобасы – оңтүстіктің өзіндік мақта шикізатын шикілей сатпай, оны терең өңдеуге, қосылған құны жоғары отандық дайын өнім шығаруға бағытталған бірегей бастама. Жергілікті билік инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер телімдерін ұсынып, салықтық және кедендік жеңілдіктер жасауды жүйелі түрде қолға алып отыр. Ал өңірді өндірістік хабқа айналдыруды көздейтін бұл инвестициялық жобалардың орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында тұр.