8 АЙДА 80 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында ел экономикасының арқауы саналатын еңбек нарығын жандандыру және халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралар жүзеге асуда. Жыл басынан бері киелі өңірде 79 069 жаңа жұмыс орны ашылып, мыңдаған отбасының тұрақты табыс көзін табуына жол ашылды. Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жобалар, мемлекеттік тұжырымдамалар және «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Осы және өзге де өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында сөз болды.
Басқосуда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын жайып салды. Оның айтуынша, биыл «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 74 мыңнан астам жұмыс орнын ашу межеленген. Бүгінгі таңда инфрақұрылымдық 250 жоба іске асырылып, 2 305 адам екі қолға бір күрек тапты. Мұның бір бөлігі мемлекеттік қаржы есебінен жүргізілсе, едәуір бөлігі жеке инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асты. Сонымен қатар 35 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 21 мыңнан астам тұрғын субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау бағытында 727 азаматқа мемлекеттік грант берілсе, пробация есебінде тұрған жандарды қоғамға бейімдеп, жұмыспен қамту жоспары 98,9 пайызға орындалды.
Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар облыс бюджетінің кредиторлық берешегі мен өтеу мүмкіндіктері жөнінде де есеп берді. Аппарат отырысын қорытындылаған өңір басшысы Нұралхан Көшеров бекітілген көрсеткіштердің сапалы орындалуын қатаң тапсырды. Ол, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту, қосымша инвестиция тартып, тұрақты жұмыс орындарын көбейту және коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық ахуалына терең талдау жасау қажеттігін баса айтты.




