ЕЛІМІЗДЕ БАСПАНАНЫ САҚТАНДЫРУ ҚҰНЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

Баспана – адам баласының басты қажеттілігі. Десе де табиғи апаттар мен күтпеген жағдайлар бола қалса, үйіңізден айырылып қалмауыңызға ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан болар, бірқатар мемлекеттерде сақтандыруға басымдық береді.
Ал баспананы сақтандыру бағасы Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі құбылады. Еліміздің 20 қаласын қамтыған зерделеу көрсеткендей, сақтандыру полисінің құны қаланың орналасқан жеріне, баспананың ауданына, салынған жылына, жағдайына және сақтандыру тәуекелдеріне тікелей байланысты. Зілзала, өрт, су тасқыны, жарылыс, найзағай немесе үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері сияқты қауіп-қатерлер келісімшартта анық көрсетіліп, полистің түпкілікті бағасын айқындайды. Бір бөлмелі пәтерді сақтандыру бойынша еліміздегі ең арзан тариф Көкшетау мен Тараз қалаларында тіркелді. Мұнда баға небәрі 6 мың теңгеден басталады. Ақтауда 8 мың теңгеден асса, Қарағандыда 10 мың теңгеден бастап жоғарылайды. Ең жоғары бағалар Шымкентте – 70 мың теңгеге дейін, Алматыда – 55 мың теңгеге дейін, ал Талдықорғанда 52 мың теңгеге дейін жеткен. Елордамыз Астанада бір бөлмелі баспананы сақтандыру 21-41 мың теңге аралығын қамтыса, Алматыда ең арзан полистің өзі 30 мың теңгеден басталып, 55 мың теңгеге дейін барады.
Үш бөлмелі пәтер иелері үшін де жағдай ұқсас. Таразда бұл қызмет арзан болып шықты, мұнда құн 17 мың теңгеден басталады. Көкшетау мен Павлодарда баға 19-20 мың теңге болса, Қарағанды мен Жезқазғанда 20 мың теңгеден басталады. Ал бұл санатта да ең қымбат қала – Шымкент, мұнда баға тіпті 140 мың теңгеге дейін шарықтайды. Сондай-ақ Қызылордада 85 мың теңге, Таразда 81 мың теңге, Қарағанды, Жезқазған мен Қонаевта 80 мың теңгелік меже сақталған. Бағасы өзге өңірлерден айтарлықтай жоғары қос мегаполиске келсек, үш бөлмелі пәтер үшін Астанада 40-75 мың теңге, ал Алматыда 50-96 мың теңге аралығында қаржы жұмсауға тура келеді. Демек, бір қаланың өзінде де, өңірлер арасында да сақтандыру бағасының айырмашылығы бірнеше есеге жетеді.




