АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫ ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ҚАНША ҚАРАЖАТ АЛЫНАДЫ?

Құрылтай мінберінен 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда алдағы жылдары да оң сауда балансы тұрақты сақталатынын мәлімдеді. Бұл — ел экономикасының сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, өзінің орнықты дамуынан танбайтынын аңғартатын жағымды ишара.

Сөз арасында вице-министр бюджет қағидаларына сәйкес белгіленген кепілдендірілген трансферт көлемін де жіпке тізді. Алдағы 2027-2028 жылдары бұл көрсеткіш 2 триллион 430 миллиард теңгені құраса, 2029 жылы 2 триллион теңге мөлшерінде айқындалып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «үлкен құрылыс» бағыты ел ішіндегі инфрақұрылымдық серпіліске жол ашатыны анық. Осы мақсатта Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануға арнайы рұқсат беріліп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді тұрғызу жөнінде ауқымды бағдарлама іске асырылмақ. Ел үшін аса маңызды стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 триллион теңге, ал 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 триллион теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлу көзделген.
Қаржылық әлеуеттің басты кепілі саналатын Ұлттық қордың жағдайы да оң динамиканы көрсетеді. Азамат Әмрин келтірген дерекке сүйенсек, қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанса, 2029 жылға қарай 70,6 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп күтілуде. Бұл болжамдар ел қазынасының толығуына, инфрақұрылымның жаңаруына және жалпы халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына сенімді негіз қалайды.