2027 ЖЫЛҒЫ БЮДЖЕТ ЖОСПАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Таяуда Құрылтай мінберінен Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын көпшілік назарына ұсынды. Бюджет кодексіне сәйкес, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген бұл құжатта экономиканың ағымдағы ахуалы мен ықтимал макроэкономикалық тәуекелдер толығымен ескерілген.

Басты қаржылық құжаттың негізгі өзегі туралы айтқан вице-министр «Бұл бюджетте басты назар адамға және адамға арналған инвестицияларға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары арқылы бизнес пен өндірушілерге қолдау көрсету жоспарланған» деп атап өтті. Жалпы 37 баптан тұратын Заң жобасы үш жылға арналған бюджет параметрлерін бекітіп, негізгі әлеуметтік нормативтерді белгілейді. Бюджеттің көрсеткіштеріне тоқталсақ, 2027 жылға арналған кірістер 25,4 триллион теңге, шығыстар 30,2 триллион теңге, ал бюджет тапшылығы 4,6 триллион теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3 пайыз деңгейінде жоспарланған. Сонымен бірге бұл тапшылықтың 2029 жылға қарай 0,4 пайызға дейін едәуір төмендейтіні болжанып отыр. Мемлекеттің меншіктің кіріс базасының нығаюы да оң серпінді аңғартады. Бұл көрсеткіш 2029 жылға қарай 23,4 триллион теңгеге дейін өспек.
Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, заң жобасы өңірлерге берілетін субвенциялар көлемін бекітіп, трансферттер мен кредиттерді бөлу тетігін айқындайды. Бұдан бөлек, құжатта резервтер мен нысаналы аударымдар, мемлекеттік борыш лимиттері мен кепілдіктер, секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалардың тізбесі және арнайы нысаналы индикаторлар толық көзделген. Бұл қадамдар ел қаржысының тұрақтылығы мен әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуына берік негіз болмақ.