ҚАЗАҚСТАННЫҢ IT-ЭКСПОРТЫ 7 ЖЫЛДА 38 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанның цифрлық келбеті түбегейлі өзгерді. 2019-2026 жылдар аралығы тұтас қоғамның өмір сүру салты мен қаржылық мәдениетінің сандық жүйеге бейімделу кезеңі ретінде тарихта қалатыны анық. Осы аз ғана уақыт ішінде электронды үкіметтің тиімділігі артты, ел ішіндегі интернет инфрақұрылымы кеңейді, ал отандық IT мамандарымыз өз өнімдерін әлемдік нарыққа сенімді түрде шығара бастады.

Мәселен, БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 193 мемлекеттің арасында 39-орыннан бірден 24-сатыға көтеріліп, әлемнің үздік 25 елінің қатарынан көрінді. Бұл дегеніңіз – бұрын таңнан кешке дейін халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектен көз ашпайтын халықтың бүгінде кез келген құжатты смартфоны арқылы бір-екі минутта рәсімдеп алатын дәрежеге жеткенінің айқын дәлелі. Мемлекеттік қызметтердің 91 пайызы цифрланып, оның 96 пайызы қалтамыздағы телефонда қолжетімді болып отырғаны бюрократияның белін бүккен үлкен жеңіс болды десек, артық айтпаған болар едік.

Біз сөз етіп отырған кезеңдегі ең елеулі жетістік отандық IT-экспорттың бұрын-соңды болмаған серпілісі дер едік. Жеті жыл бұрын 30 миллион доллардың төңірегінде ғана болған бағдарламалық өнімдер экспорты 2025 жылы алғаш рет миллиардтық, нақтырағы 1,142 миллиард долларлық межеге жетті. Бұл көрсеткіштің 633 миллион долларын Astana Hub резиденттері қамтамасыз етіп отырғаны да елдегі стартап пен инновациялық ортаның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын аңғартады. Тіпті, 2019 жылы мүлде нөлге тең болған ғарыш технологияларының экспорты бүгінде 70 миллион долларға жуықтады. Осылайша Қазақстан тек сырттан дайын технологияны сатып алатын тұтынушы емес, өзінің интеллектуалды өнімін өзге елдерге ұсына алатын мемлекетке айналды.

Тіпті, қарапайым халықтың күнделікті тұрмысы мен қаржылық дағдысы да өзгерді. Ауыл мен қаланы қоса алғанда, интернеттің қолжетімділігі 84 пайыздан 98 пайызға дейін артып, орташа жылдамдығы төрт-бес есеге жеделдеді. Ел аумағында 5G желісін енгізу қарқынды жүріп жатыр. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің 13,3 триллион теңгеден 186,3 триллион теңгеге дейін, яғни 14 есеге жуық өсуі — елдегі қаржы секторының да қаншалықты икемді әрі цифрлық жүйеге ашық екенін айғақтайды. 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануы мен 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясының қабылдануы саладағы жұмысқа серпін берді. Қорыта айтсақ, Қазақстан жай ғана қызметтерді онлайнға көшірумен шектелмей, жасанды интеллект пен үлкен деректерді басқаруға негізделген жаңа цифрлық дәуірдің көшбасшысы болуға нық қадам басып келеді.

О.ҚАСЫМ.