ЕРЛАН ҚОШАНОВ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

жаңа институтқа артылар жауапкершілік қандай?

Ұлттың ұйысуы мен саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде ел өмірінде тағы бір маңызды оқиға орын алды. Елордадағы Президенттік орталықта Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастырушылық отырысы өтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналар жаңа институттың іргетасы қаланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бұл жиын егемен елдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болғаны анық.

Кез келген жаңа құрылымның табысты болуы оның тізгінін ұстайтын басшының білігі мен беделіне тікелей байланысты. Осы орайда, Президент «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заңның 8-бабына сәйкес, Кеңес төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл — конституциялық мәртебесі бар, жауапкершілігі орасан, елге танымал әрі халық пен билік арасында шынайы дәнекер бола алатын тұлғаны талап ететін беделді орын. Ерлан Жақанұлының мемлекеттік қызмет жүйесіндегі мол тәжірибесі, Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды заңнамалық тұрғыдан сүйемелдеудегі еңбегі оның бұл жауапты миссияны абыроймен атқаратынына сенім ұялатады. Қоғамдық келісімді нығайтып, бұқара мен билік арасындағы диалогты жаңа сапаға көтеруде бұл таңдаудың қисынды әрі орынды екені байқалады.

Жаңа институт неліктен «Қазақстан Халық Кеңесі» деп аталды? Мемлекет басшысы бұл атауды Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзі ұсынғанын жасырмады. Оның астарында терең мағына жатыр. Ата заңымыз бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын, ел ішіндегі түйткілдерді ашық талқылап, нақты шешімдер ұсынатын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы — заңды әрі әділетті. Бұл — жай ғана әдемі сөз емес, Ата заңда бекітілген бірыңғай, ресми және жалпыұлттық сипатқа ие мәртебе.

Әрине, кез келген жаңа институт пайда болғанда ел көкейінде «бұрынғы органдардан айырмашылығы неде?» деген сауалдың туындауы заңды. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бейбітшілік пен өзара сенімді орнықтырса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жаңа саяси мәдениеттің негізін қалады. Ал Ұлттық құрылтай жалпыұлттық диалогты тереңдетіп, нәтижесінде 26 заң қабылданып, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралатын дәрежеге жетті. Бұл құрылымдар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады, ал Халық Кеңесі — солардың сапалы әрі жүйелі жалғасы. Ең бастысы, Қазақстан Халық Кеңесі — Құрылтайға балама немесе бәсекелес мекеме емес. Мемлекет басшысы бұл ретте шекараны нақты ажыратып берді. Кеңес мүшелері Құрылтайдың немесе депутаттардың құзыретіне араласпайды, сондай-ақ депутаттар да Кеңестің жұмысына өктемдік етпейді. Мұндағы түпкі мақсат — бәсекелестік емес, өзара толықтыру мен тығыз ынтымақтастық. Екі институттың комитеттері бірлесе жұмыс істеп, заң жобаларын әзірлеуде халықтың талап-тілегін толыққанды ескерсе, ел ісінің алға басары сөзсіз.

Этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің басын қосқан жаңа Кеңес — мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың біртұтас, ауқымды жүйесін қалыптастырып отыр. Отанымыз бір, мақсатымыз ортақ болғандықтан, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қызмет ету — бәрімізге ортақ міндет. Халық Кеңесінің іске кірісуі — халық үніне құлақ асатын, әрбір азаматтың пікірі ескерілетін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тағы бір батыл әрі нақты қадам болмақ.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.