ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРАЖАТ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

ал ғалымдарға қандай қолдау көрсетілді?

Елдің болашағы мен білім-ғылымның өркендеуі, ең алдымен, өз ісіне берілген дарынды жастар мен жас ғалымдардың әлеуетіне байланысты екені сөзсіз. Алайда осы уақытқа дейін жас мамандардың әлеуметтік жағдайы мен баспана мәселесі назардан тыс қалып келгені де жасырын емес еді.

Күнделікті тұрмыс қажеттілігін ойлап, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген ғалымнан іргелі зерттеу күту — бос әурешілік. Міне, осы түйткілді түбегейлі шешіп, ғалымдардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау бағытында қолға алынған оң өзгерістер өз жемісін бере бастады. Мұны Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми мәліметтері айқын айғақтайды.
Мемлекет тарапынан жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары жалпы сомасы 23,16 миллиард теңге болатын 941 жобаның мақұлдануы — ұлттық ғылымға деген үлкен сенім. Бұл бастама ғылымдағы дарынды жастарды қолдап, отандық зерттеу топтарын дамытуға әрі ғылыми көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға соны серпін берді. Ең бастысы, сөз жүзіндегі қолдау емес, нақты қаржылай серпіліс байқалады. Мәселен, қолданыстағы ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі 2023 жылғы 2,75 миллиард теңгеден 2025 жылы 7,58 миллиард теңгеге дейін өсіп, шамамен үш есеге жуық көбейген.
Әрине, ғалымға тек зертхана мен грант қана емес, ең бастысы — баспана керек. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, соңғы үш жыл ішінде елімізде 803 жас ғалым жеке пәтерге ие болып, қуанышқа кенелді. 2023–2026 жылдары «Отбасы банк» АҚ арқылы іске асырылған жеңілдетілген несие бағдарламасы шеңберінде 660 жас ғалымға пәтер берілген. Ал отандық ғылымның қарашаңырағы саналатын Алматы қаласында 2024-2026 жылдар аралығында 143 жас ғалымға баспана тегін табысталды. Бұл — жастардың тұрмыстық қажеттілікке бас қатырмай, тек ғылыми ізденіс пен ел экономикасына пайда әкелетін жаңалықтар ашуға толықтай зейін қоюына жасалған ең үлкен мүмкіндік. Атқарылып жатқан мұндай батыл қадамдар отандық ғылымның беделін арттырып, оған жас кадрлардың ағылуына берік іргетас қалап отыр.

«Уақыт».