ЖАҢА ЖАҒАЖАЙ АШЫЛДЫ

Түркістан төріндегі Орталық Азияда теңдесі жоқ Есу арнасында тұрғындар мен қала қонақтарының көңілді тынығуына арналған заманауи жаңа жағажайдың салтанатты ашылуы өтті. Бұқараның бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне жол ашқан салтанатты шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы арнайы қатысып, бұл бастаманың ел игілігі үшін атқарылып жатқан маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті. Мерекелік концерттік бағдарламамен өрілген салтанатты жиыннан соң алғашқы келушілер жаңа орынның мүмкіндіктерін пайдаланып, айдын бетінде қайықпен серуендеп, салқын суға түсіп, ерекше әсерге бөленді.
Ұзындығы шамамен 1 шақырымды құрайтын демалыс аймағында тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Онда суға түсуге арналған арнайы орындар, киім ауыстыру бөлмелері, күн көзінен қорғайтын көлеңкелі шатырлар мен балаларға арналған су сырғанақтары, ойын аймақтары қарастырылған. Белсенді демалысты сүйетіндер үшін жағажай волейболы мен воркаут алаңдары, банджи-батут сияқты ойын-сауық орындары бой көтерген. Ал су үстінде тынығуды қалайтындар катамаран мен қайықпен серуендеу қызметін пайдалана алады. Мұнда келген әрбір азаматтың денсаулығы мен қауіпсіздігі де басты назарда. Жағажайдағы судың сапасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және экология саласы мамандарының зертханалық тексерулерінен толық өтіп, қауіпсіз деп танылған. Сондай-ақ тынығушылардың амандығын күзету үшін 4 құтқару мұнарасы бой көтеріп, онда арнайы дайындықтан өткен білікті құтқарушылар тұрақты түрде кезекшілік атқаруда.
Жаңа демалыс орны күнделікті сағат 08:00 мен 20:00 аралығында келушілерді қабылдайды. Қолжетімділік мәселесі де ескерілген. 6 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін болса, 7-14 жас аралығындағы жеткіншектер үшін билет құны 500 теңге, ал 15 жастан жоғары келушілерге 1000 теңге болып белгіленген. Рухани астанамыздың көркіне көрік қосқан бұл жаңа демалыс аймағы тұрғындардың сүйікті мекеніне айналары сөзсіз.




