ШЫМКЕНТТІҢ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ИНДЕКСІ – 114,6 ПАЙЫЗ

6 айдағы көрсеткіштер нені аңғартады?
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңес мегаполистің 2026 жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалын және халықпен кері байланыс жүйесінің тиімділігін сараптаған маңызды жиын болды. Кеңесте ұсынылған ресми деректер мен көрсеткіштер мегаполисті басқаруда жүйелілік пен нақты нәтижеге бағытталған стратегиялық тәсілдің нәтиже беріп жатқанын айғақтайды.
Ендеше айтылған деректер мен белгілі болған статистиканы тарқатайық. Ең алдымен, қаланың экономикалық көрсеткіштері көңіл қуантады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, есепті кезеңде қысқа мерзімді экономикалық өсім индексі 114,6 пайызды құрап, Шымкент бұл көрсеткіш бойынша республика өңірлері арасында 4-орынға тұрақтаған. Негізгі драйверлер қатарына 21,8 пайыздық өсіммен сауда, 14,3 пайызбен көлік қызметтері, 12,9 пайызбен құрылыс және 11 пайыздық өсіммен өнеркәсіп өндірісі еніп отыр. Мұндай тұрақты өсім — қала басшылығының инвестициялық ахуалды жақсартуға, бизнесті қолдауға және өндіріс қуатын арттыруға бағытталған шешімдерінің нәтижесі. Қала берді, шағын және орта бизнес саласының өнім көлемі 4,7 триллион теңгеге жетіп, қала экономикасындағы үлесі 56 пайызды құрады. Бұл ғана емес, жұмыспен қамту шараларымен 16 мыңнан астам адам қамтылып, 9 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Осындай шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейі бұған дейінгі 4,8 пайыздан 4,6 пайызға дейін төмендеген.
Жиында сөз болған екінші маңызды бағыт — халықтың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігі. Қалада аса қауіпті жұқпалы аурулар мен эпидемиялық қатерлердің тіркелмеуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің және әкімдіктің алдын алу шараларын уақытылы ұйымдастыра алғанын айғақтайды. Кене шағуы сияқты маусымдық қауіптерге шұғыл реакция білдіріліп, ветеринариялық және эпидемияға қарсы жұмыстардың үйлесімді жүргізілуі бақылаудың жоғары деңгейде екенін білдіреді.
Жергілікті басқару жүйесіндегі тағы бір оң өзгеріс — цифрландыру және халықпен ашық диалог орнату. Сандарды сөйтелер болсақ, ситуациялық орталыққа келіп түскен 184,6 мың өтініштің 87,8 пайызы оң шешімін тапқан. Мұның өзі тұрғындар талабына дер кезінде жауап беріліп жатқанын көрсетсе керек. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне орындалу мерзімдерін көрсете отырып, нақты тапсырмалар жүктеді. Қош, соңғы жылдары Шымкентте көптеген игі бастамалардың жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Қала басшысының бұған дейінгі бастамалары да бүгінде өз нәтижесін беріп келеді. Жоғарыда келтірілген нақты деректер осы ойымызға дәлел бола алады деген ойдамыз.
О.ҚАСЫМ.




