ШЫМКЕНТТЕ ОТБАСЫЛАРҒА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкентте әлеуметтік қолдаудың нақты жемісін көрген отбасылар үлкен қуанышқа кенелді. Тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында 30 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды.

Игі шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Заманауи үлгіде бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан. Жылы ұясына жайғасқандардың қатарында алтын құрсақты көпбалалы аналар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген бюджеттік сала қызметкерлері бар.
Бұралаңы мол өмірде өз босағасының болуы – әрбір отбасы үшін үлкен тірек әрі ертеңгі күнге деген нық сенім. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған тиімді баспана бағдарламаларының арқасында шаһар тұрғындары жылдар бойы созылған пәтер мәселесін шешіп, тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік алып отыр. Баспанаға ие болған әр үйдің төріндегі қуаныш пен шаңырағындағы шаттық – қаладағы әлеуметтік саясаттың жемісті жүріп жатқанының айқын дәлелі.