АГРОӨНЕРКӘСІП: ЕЛДЕГІ ЕҢ ҮЗДІК НӘТИЖЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ

Нұралхан Көшеровтің іскерлік беделін биіктететін көрсеткіштер көп…

Түркістан – еліміз бен елдігіміздің рухани діңгегі ғана емес, оңтүстік өңірдегі экономикалық өсімнің қуатты локомотивіне айналып келе жатқан стратегиялық аймақ. Заман талабына сай жаңғыру жолына түскен киелі өлкеде соңғы уақытта іскерлік қарқын күшейіп, шаруасы ширап, өндірістік әлеуеті жаңа белеске көтерілді. Өңір тізгінін ұстаған Нұралхан Көшеровтің нәтижелі жұмысы мен нақты ұстанымы ауыл шаруашылығынан бастап өңдеу өнеркәсібіне дейінгі әрбір салада оң өзгерістерге жол ашып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беріп отыр.

ырыс ұялаған өңірдің биылғы жетістіктері мол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді жолға қою, сырттан инвестиция тартып, экспорттық межені кеңейту жөніндегі стратегиялық тапсырмалары Түркістан облысында кезең-кезеңімен, жүйелі жүзеге асып келеді. Күнгейдегі аграрлық сектордың бұл серпінді дамуы — облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің іскерлік қабілеті мен басқарушылық ұстанымының айқын көрінісі. Нұралхан Оралбайұлының тікелей үйлестіруімен өңірде өндірістен бастап қайта өңдеу мен сыртқы нарыққа шығуға дейінгі барлық заманауи тізбек жоғары деңгейде реттеліп, нақты нәтижелерге негіз болып отыр.
Бұл сөзімізге биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы толық дәлел. 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында өңірде 325,3 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрады. Осылайша, Түркістан облысы аграрлық саладағы қарқын бойынша республикада көш бастап, бірінші орынға шықты. Жүйелі істі батыл жүзеге асыра білетін аймақ басшысының бастамасымен агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі де рекордтық деңгейде сақталуда. Есепті кезеңде бұл салаға 153,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты.
Аймақ басшысының өңдеу өнеркәсібіне баса мән беруі тамақ өнеркәсібінің де тамырына қан жүгіртті. Алты айда тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 96,6 миллиард теңгеге жетіп, ет өнімдерін өңдеу 172,1 пайызды, өсімдік майын өндіру 136,7 пайызды, ал сусындар өндіру 139,6 пайызды құрады. Сонымен қатар ұн-жарма және балық өнімдерін өңдеу 121,4 пайызға, жеміс-көкөністі өңдеу 108,5 пайызға дейін өсті.
Облыс әкімінің көшбасшылық қабілеті экспорт саясатынан да айқын аңғарылады. Жыл басынан бері облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім шетелге шығарылып, экспорт көлемі 2 есеге ұлғайған. Оның ішінде 642,4 мың тоннасы өсімдік шаруашылығына, 25,8 мың тоннасы мал шаруашылығына және 236,3 мың тоннасы қайта өңделген өнімдерге тиесілі. Егістік алқаптарын әртараптандыру бағытында да жүйелі қадамдар жасалуда. Биыл егіс көлемі 8 мың гектарға ұлғайып, жалпы 919 мың гектарды құрады. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 326 мың, мақта 162 мың, мал азықтық дақылдар 228 мың, майлы дақылдар 87 мың, бақша өнімдері 62 мың, көкөніс 42 мың және картоп 12 мың гектарға орналастырылды. 21 шілдедегі жағдай бойынша диқандар 242 мың тонна масақты дақыл, 583 мың тонна көкөніс, 750 мың тонна бақша өнімдерін, 207 мың тонна картоп пен 3,2 миллион тонна мал азығын жинап алды.
Оңтүстік өңірі үшін су ресурстарын тиімді пайдалану — өзекті мәселе. Осы орайда, Нұралхан Көшеров су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөліп келеді. Биыл қосымша 50 мың гектарға осындай заманауи жүйелерді енгізу жоспарланып, қазірдің өзінде 37 мың гектары іске асырылды. Бұл меже толық бағындырылғанда, су үнемдейтін алқап 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 миллион текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Түркістан – мал шаруашылығы дамыған өңір. Бүгінде еліміздегі ірі қараның 13 пайызы немесе 1 млн 238,6 мың басы, қой-ешкінің 20 пайызы немесе 5 млн 211,6 мың басы, жылқының 10 пайызы немесе 549 мың басы және түйенің 14 пайызы немесе 46,1 мың басы осы өңірге тиесілі. Алты ай ішінде 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт және 170,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Нұралхан Оралбайұлының мал шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған менеджменті өз жемісін беруде. Бүгінде республикадан сыртқа экспортталатын ірі қара етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы тек Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Өткен алты айда шетел нарығына 10,3 мың тонна сиыр еті мен 14,4 мың тонна қой еті жөнелтілгенін де тілге тиек ете кеткеніміз жөн.

талап пен талпыныс

Ауыл шаруашылығындағы ауқымды жетістіктер мен экономикалық өсім — сөзсіз, жүйелі басқару мен серпінді менеджменттің нәтижесі. Алайда жетістікке тоқпейілсімей, межелі межеден де биікке ұмтылу — іскер басшыға тән басты қасиет. Жуырда өткен алқалы мәжілісте аймақ басшысы әкімдіктер мен басқармалардың жұмыс ырғағын таразыға салып, инвестиция тарту мен терең өңдеу өндірісін өрістету бағытындағы басымдықтарды айқындап берді. Басқарушылық батылдық байқалып, шынайы сараптама ортаға салынған бұл жиында Нұралхан Оралбайұлы өңірді дотациялық тәуелділіктен арылтудың нақты жол картасын ұсынды.
Дәл осы жиында «Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы уақытқа дейін инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бірақ мұнымен тоқтамай, керісінше, жұмыс қарқынын үдете түсуіміз керек. Өкінішке қарай, кейбір аудан, қала әкімдіктерінде жұмыс әлі де өз деңгейінде емес. Әр басшының өзіндік жұмыс жоспары мен нақты бағдарламасы болуы тиіс. Менің басты бағытым — өндіріс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орындарын көбейту, терең өңдеу саласын дамыту және облысымызды дотациялық аймақтар қатарынан шығару. Әрине, бұл бір күнде немесе бес жылда толық шешіле салатын жеңіл шаруа емес. Бірақ жүйелі жұмысты тоқтатпау қажет. Мысалы, 2023 жылы облыстың өзіндік кіріс үлесі 10 пайыздан әрең асса, қазіргі таңда 20 пайызға жетіп отыр. 10 жыл көлемінде Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналдыруға мүмкіндігіміз де, потенциалымыз да толық жетеді» деп атап өтті Нұралхан Көшеров. Аймақ басшысының бұл сөзі – нақты сандарға сүйенген экономикалық есеп. Өңірдің әрбір ауданы мен қаласының ішкі әлеуетін жіті саралап отырған облыс әкімі жергілікті басшыларға әр аймақтың ерекшелігіне сай өндірістік парктерді дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу жөнінде бір ай мерзімде ұсыныстар дайындауды тапсырды. Ал міндетін тиісті деңгейде атқара алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қатысты тиісті шаралар көрілетінін ашық ескертті. Бұл – облыстағы әрбір басқарушы буынға артылған үлкен жауапкершіліктің жүгі.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Түркістан өңіріне қаржы құйып, кәсіп бастағысы келетін инвесторлардың қатары артқан. Жаңа зауыттар мен фабрикалардың да саны өсіп келеді. Өңірде өндірістік парктерді өрістетіп, шикізатты сапалы да терең өңдеуге бағытталған бұл жүйелі қадамдар Түркістанның экономикалық дербестігін нығайта берері күмәнсіз.

импортты алмастыру – экономикалық дербестік кепілі

Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтамасыз ететін, дотацияға байланбаған өңірге айналдырудың төте жолы — отандық өндірісті өрістетіп, сырттан келетін тауарларға тәуелділікті азайту. Осы орайда, облыс әкімі Нұралхан Көшеров импортты алмастыру саясаты, өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеру және экспорттық әлеуетті еселеу мәселелерін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Аймақ басшысы шикізат сатумен шектелетін бұрынғы дағдыдан арылып, дайын өнім шығаруға көшу — экономикалық қауіпсіздіктің негізгі діңгегі екенін алға тартады. Бұл жайында біршама уақыт бұрын «Біз әлі де болса шикізаттық тәуелділіктің шырмауынан толық арыла алмай келеміз. Сондықтан импортты алмастыру жұмыстарын мүлде жаңа қарқынмен, заманауи деңгейде жүргізу қажет. Шикізатты терең өңдеп, бәсекеге қабілетті дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – өңір экономикасының басты межесі. Бұл үшін әлемдік деңгейдегі ірі инвесторларды тартып, қосылған құны жоғары тауар өндіруге басымдық берілуі тиіс. Импортты алмастыруға бағытталған әрбір инвестициялық жоба сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асырылып, жіті бақылауда болуы шарт» деп атап та өткен болатын.
Бастама сөз күйінде қалып қойып жатқан жоқ. Аймақ басшысының серпінді экономикалық саясаты өзінің оң нәтижесін бере бастады. Облыстық кәсіпкерлік және сауда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармалары ұсынған деректерден Түркістанның сыртқы саудадағы салмағы артып келе жатқанын айқын көреміз. Мәселен, 2024 жылы облыстан 1 миллион 357 мың тонна өнім экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 16 пайызға өсіп, 1 миллион 571 мың тоннаға жетті. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде экспорт көлемі 795,3 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге ұлғайды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері мен мал шаруашылығынан бөлек, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 198,1 мың тоннаны құрағаны қуантады.
Керісінше, сырттан келетін импорт көлемі жылдан-жылға төмендеп келеді. Импорт 2024 жылғы 761 мың тоннадан 2025 жылы 748 мың тоннаға дейін азайса, биылғы төрт айда бұл көрсеткіш 251 мың тоннаны құрап, өткен жылғы межеден айтарлықтай төмендеді. Бұл – өңірде іске қосылған еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар шығаратын жергілікті кәсіпорындардың жұмысының нақты жемісі. Қазіргі таңда тоқыма мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін шығаратын жаңа өндіріс орындары бой көтеріп жатыр.
Нұралхан Оралбайұлының бастамасымен жүргізілген терең талдаулар нәтижесінде, елімізден шикізат күйінде кететін мыс, алюминий, темір, полипропилен сияқты ресурстарды Түркістанда қайта өңдеуге толық мүмкіндік бар екені анықталды. Осыған орай, мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс пен металл конструкциялары, тұрмыстық бұйымдар шығаруға бағытталған 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысына арнайы инвестициялық паспорттар дайындалды. Бұл аз десеңіз, Түркістан халқы бүгінде көкөніс, бақша, картоп, жүзім, сиыр, қой, жылқы еті және сүт өнімдерімен толықтай өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Бұл – мақтанатын, отандық өнімнің әлеуеті артып келе жатқанын айқындайтын нақты дәлел.

қорыта айтсақ…

Сан ғасырлық тарихтың куәсі болған Түркістан топырағы енді тек руханияттың бесігі ғана емес, нәтижелі еңбек пен өрге өрлеудің де нақты үлгісіне айналды. Аймақ тізгінін ұстаған Нұралхан Көшеровтің бойындағы іскерлік ширақтық пен көреген көшбасшылық қасиет өңір экономикасына жаңа серпін беріп, дербестік пен толайым табыстың берік діңгегін қалап келеді. Атырапқа ырыс ұялатып, диқанның маңдай терін бағалаған, өндірістің отын маздатып, халықтың әлеуетін арттырған осындай жүйелі істер тұрғанда, Түркістанның бағы да, бағдары да биік бола бермек. Ел үмітін ақтаған іргелі істердің жолы өрісті болғай!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.