СҰРАНЫС БАР ЖЕРДЕ СҰР НАРЫҚ БАР

арзан жанармай әлдекімдер үшін қалта қампайту тәсіліне айналған…
Соңғы кездері шекарадан арзан жанармайды заңсыз сыртқа тасу әрекеттері байқала бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ресми мәліметіне сүйенсек, шілде айының алғашқы үш аптасында еліміздің өткізу бекеттерінде мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге қатысты 1342 әрекет тіркелген. Тіпті, бір айға жетпейтін уақыт ішінде контрабандашылар 112 тоннадан астам бензин, дизель және басқа да жанармай түрлерін шекара асырмақ болған. Әрине, заң бұзғандардың барлығы жауапқа тартылды, алайда бұл сандар нені аңғартады?
Бұл – елдің ішкі нарығын шайқалтып, энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін күрделі мәселенің беткі көрінісі. Көршілес мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының едәуір арзан болуы – бұл заңсыз бизнеске мұрындық болып отырған басты фактор. Осы арзаншылықты пайдаланып, қалтасын қампайтқысы келетіндер түрлі қулыққа басады. Яғни көліктердің жанармай бактарын қолдан үлкейтіп, жасырын резервуарлар орнатады, тіпті шекарадан жүк тасымалдайтын көліктер арқылы тонналап отын тасиды. Осылайша, мемлекеттің өз азаматтары мен отандық өндірушілерді қолдау мақсатында субсидиялап, арзандатып отырған арзан жанармайы көрші елдердің нарығын асырауға кетеді.
Жанар-жағармай – ел экономикасының, әсіресе ауыл шаруашылығы мен логистика саласының басты қажеттілігі. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары қызған шақта ішкі нарықта дизель отынының тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Осындай жауапты кезеңде шекара арқылы тонналап өнім сыртқа кете берсе, ертең өз диқандарымыз бен тасымалдаушыларымыз жанармай таппай қиналады, бұл өз кезегінде азық-түлік пен тауар бағасының өсуіне әкеп соқтырады. ҰҚК өкілдері атап өткендей, заңсыз экспортқа тосқауыл қою — ұлттық қауіпсіздіктің, соның ішінде энергетикалық дербестіктің кепілі. Бұл бағытта шекарашылардың сергектігі мен бақылаудың күшейтілгені қуантады. Дегенмен тек бақылаумен маселе толық шешілмейді. Шекарадағы әрбір оқиға бізге осы саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, бақылау механизмдерін барынша цифрландыруды, сондай-ақ баға айырмашылығы тудырып отырған экономикалық дисбалансты кезең-кезеңімен реттеу қажеттігін меңзейді.
Елдің несібесін шекара асырып, бұра тартып жүргендерге тосқауыл қою — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның мүддесі. Себебі елдің ішкі резерві мен энергетикалық қоры — халықтың ортақ байлығы. Оны талан-таражға салмау және шекарадағы шикіліктің жолын толық кесу — бүгінгі күннің ең өзекті талабы болып қала бермек…
Ж.БАЛАУСА.




