ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ОРТАША ЖАСЫ – 45

биылғы саяси науқанның ерекшелігі қандай?

Еліміздің саяси сахнасында тарихи бетбұрыс басталды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткелі отырған бір палаталы Парламент — Құрылтай сайлауына дайындық қыза түсті. Осы жылдың 23 тамызына белгіленген бұл маңызды саяси доданың ең жауапты да тартысты кезеңі — сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде бастау алды. Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бұл жолғы науқан бұрынғыларынан өзгеше, жаңаша қарқынмен әрі жоғары саяси мәдениет талаптарымен өткелі тұр.

Ең алдымен, партиялардың кандидаттар тізіміндегі әлеуметтік баланс пен теңдік мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтқан жөн. Қолданыстағы заңнама талаптарына сай, әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың өкілдігіне қатысты квотаны барлық саяси ұйым толықтай орындады. Жиынтық сараптама көрсеткендей, партиялық тізімдегі бұл санаттардың үлесі 43,9 пайыздан асып жығылады. Тізімге енген 172 әйел, 373 ер азамат, мүгедектігі бар 19 кандидат пен 35 жасқа дейінгі 74 үміткердің бойында ел болашағына деген үлкен жауапкершілік жатыр. Кандидаттардың орташа жасы 45,4 жасты құрауы саяси майданға білімі мен тәжірибесі толысқан, сонымен бірге жаңаша ойлайтын буынның араласып жатқанын аңғартса керек.
Сайлау бюллетеніндегі партиялардың орналасу реті де Орталық сайлау комиссиясы өткізген ашық жеребе қорытындысына сәйкес толық айқындалды. Нәтижесінде, сайлаушылардың қолына тиетін ресми парақшада «Әділет» партиясы бірінші болып орнықса, одан кейінгі қатарларды Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және Respublica партиясы толықтырды. Сөйтіп, идеологиясы да, ұстанатын саяси бағыты да әртүрлі жеті саяси күш электораттың сеніміне ие болу үшін бәсекеге түспек.
Бұл жолғы сайлау науқанының басты ерекшелігі мен жаңашылдығы дауыс беру процесінің тазалығы мен құпиялылығын қамтамасыз етуге бағытталған қатаң ережелердің енгізілуінде болып отыр. Ендігі жерде дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны әлеуметтік желіде таратуға түпкілікті тыйым салынды. Сонымен қатар қазіргі сайлау науқаны үшін арнайы дайындалмаған бұрынғы үгіт материалдарын қайта пайдалануға да жол берілмейді. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері атап өткендей, мұндай заңды шектеулер сайлаушыларға сырттан психологиялық немесе әлеуметтік қысым жасалуын азайтады. Яғни, азаматтардың өз еркін дербес, ешкімнің ықпалынсыз және құпия білдіруіне кепілдік береді. Оның үстіне, саяси партиялар мен кандидаттар өздерінің ресми интернет-ресурстары мен онлайн-платформаларындағы аккаунттары арқылы үгіт материалдарын келісімшартсыз-ақ орналастыра алады, бұл цифрлық кеңістіктегі бәсекеде тең жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сайлаудың халықаралық стандарттарға сай, ашық әрі әділ өтуіне сыртқы байқаушылар да мүдделі. Қазірдің өзінде 12 шет елден және 5 беделді халықаралық ұйымнан 86 байқаушы аккредиттеліп, өз жұмысына кірісіп кетті. Жергілікті әкімдіктер де үгіт-насихат науқанын сапалы ұйымдастыру үшін барлық жағдайды жасауда. Еліміз бойынша үгіт материалдарын орналастыруға 8 мыңнан астам арнайы орын белгіленсе, кандидаттардың сайлаушылармен бетпе-бет кездесуі үшін шамамен 4,5 мың заңды орын әзірленген. Қорыта айтқанда, Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталды. Алғашқы бір палаталы Парламентке үміткерлердің додасы елдің келешек даму бағытын айқындайтыны сөзсіз. Ендігі кезекте сайлаушылар өз таңдауын жасап, мемлекеттің заң шығарушы жоғары органына лайықты азаматтарды сайлауы тиіс. Себебі елдің болашағы әрбір азаматтың берген дауысы мен жасаған саяси таңдауына тіреліп тұр.

«Уақыт».