КҮРДЕЛІ ЖАРАҚАТ АЛҒАН НАУҚАСҚА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОТА СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

Шымкенттегі қалалық №1 клиникалық ауруханасының ақ халатты абзал жандары тағы бір азаматты ажал аузынан аман алып калып үлкен кәсіби шеберлік танытты. Ауыр жол-көлік оқиғасының салдарынан денсаулығына аса қауіпті ауыр жарақаттар алған науқас емдеу мекемесіне хәл үстінде жеткізілген еді. Тәжірибелі травматолог-ортопедтерден құралған хирургиялық бригада шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіп, бірнеше кезеңнен тұратын күрделі емдеу жоспарын дереу іске қосты.
Алғашқы кезеңде науқастың өмірін сақтап қалу және оның жалпы жағдайын тұрақтандыру мақсатында жамбас пен оң жақ сан сүйегіне сыртқы фиксация аппараты кигізілді. Дәрігерлердің ұқыпты да жүйелі әрекетінің арқасында науқастың беті бері қарап, жағдайы қалыпқа түскен соң, емдеудің екінші шешуші кезеңі басталды. Аппаратты шешкен бойда хирургтар бір мезгілде жамбас пен сан сүйектеріне жоғары технологиялық реконструктивті операцияны сәтті жүзеге асырды. Ота барысында зақымданған жамбас сүйектері арнайы пластиналар мен бұрандалар арқылы табиғи анатомиялық қалпына келтірілсе, сан сүйегіне интрамедуллярлық остеосинтез әдісі қолданылды.
Үйлесімді еңбек пен жоғары кәсібилік қатар өрілген бұл хирургиялық іс-шара науқастың аяқ-қолының тірек қызметін толықтай қалпына келтіріп, сүйектердің дұрыс бітуіне сенімді негіз қалады. Бүгінде дәрігерлер үмітін ақтаған тұрғынның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, ауруханадан үйіне шығарылды. Өмірге екінші рет келгендей күй кешкен науқас қазіргі таңда денсаулығын түпкілікті нығайту үшін жоспарлы оңалту кезеңінен өтіп жатыр.




