БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Жаздың шуақты күндерімен бірге келетін балғын шақтың ең қызық, ең ұмытылмас сәті – жазғы демалыс маусымы. Балалардың осы бір алаңсыз кезеңін тек қызық қана емес, сонымен бірге қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу – мемлекетіміздің басты назарында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі биылғы жазғы демалыс пен сауықтыру шараларына ерекше мән беріп отыр. Жауапты ведомствоның жоспарына сүйенсек, биыл еліміз бойынша 3 миллионнан астам баланы жазғы тынығумен қамту көзделуде. Ең бастысы, бұл қамқорлық пен жылылықтан әлеуметтік осал санаттағы 600 мыңға жуық жеткіншек те тыс қалмай, мемлекеттің қолдауын толық сезінбек.
Биылғы жазғы маусымның жүгі де, берер тәрбиелік мәні де бөлек. Балалар тек таза ауада демалып қана қоймай, бойына ұлттық құндылықтар мен жауапкершілікті сіңіріп қайтады. Тәрбиелік іс-шаралардың өзегі «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы және «Заң және тәртіп» бастамасымен өріліп, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталмақ. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында қолға алынған «Жасыл сабақтар» жобасы балаларды табиғатты аялауға, туған жердің әр тасына жанашырлықпен қарауға баулиды. Осылайша, жазғы лагерьлер тек демалыс орны емес, тұлғалық дамудың алтын бесігіне айналмақ.
Әрине, кез келген игі істің басында бала амандығы мен қауіпсіздігі тұрады. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша балаларды қабылдайтын сауықтыру ұйымдарына қойылатын талаптар бұрынғыдан да күшейтілді. Бұл бағыттағы ең маңызды қадам – жыл бойы жұмыс істейтін және тек маусымдық білім беру-сауықтыру орталықтарына бірыңғай лицензиялық талаптардың енгізілуі болды. Ендігі жерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы, өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік шараларының толық қамтылуы, материалдық-техникалық базаның заманауи стандарттарға сай келуі мен білікті маман кадрлармен қамтылуы қатаң тексеріледі.
Қазірдің өзінде елімізде 45 білім беру-сауықтыру орталығы осы қатаң сүзгіден мүдірмей өтіп, жұмыс істеуге рұқсат беретін тиісті лицензиясын иеленді. Ал тағы 60-тан астам орталықтың өтінімі білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерде жан-жақты қаралу үстінде. Бұл ретте лицензиялау тетігі саладағы тәртіпті нығайтып, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге серпін береді. Осылайша, жүйелі жұмыстың нәтижесінде ертеңгі ел тұтқасы – балғындарымыз қауіпсіз ортада демалып, жаңа оқу жылына тың күшпен, сергек көңіл-күймен оралады деп нық сеніммен айтуға болады.




