ШЫМКЕНТТІҢ ӨНЕРКӘСІПТІК ӘЛЕУЕТІ КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

Шырайлы Шымкенттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз салған жан шаһардың алып құрылыс алаңына ғана емес, қуатты өндіріс ошағына айналып келе жатқанын анық байқайды. Соңғы жылдары үшінші мегаполисте бірінен соң бірі іске қосылып жатқан заманауи кәсіпорындар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда да жетекші рөлге ие болып келеді. Инвестицияның ағыны мен өндірісті әртараптандыру бағытындағы батыл қадамдар отандық өнімнің мерейін үстем етіп, өңір экономикасына тың серпін беруде.

Осы орайда, жақында ғана тұсауы кесілген «Shymkent Qagazy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Экологиялық мәдениет пен тиімділікті ұштастырған бұл зауыт макулатураны қайта өңдеп, сапалы картон қаптамаларын шығаруды қолға алды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын еліміздің оңтүстік өңірлерін отандық қаптамамен қамтамасыз етіп қана қоймай, 50 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал шаһардағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында бой көтерген «ORDA NS BUILDING» серіктестігінің жобасы шағын және орта бизнестің қанатын кеңге жаюына даңғыл жол ашты. Мұнда кәсіпкерлер үшін барлық жағдайы жасалған дайын өндірістік алаңдар ұсынылып, жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге жететін өндірістік ғимараттарды орналастыруға мүмкіндік жасалды. Жалпы құны 13 миллиард теңгені құрайтын бұл ауқымды бастаманың алғашқы кезеңіне 8,3 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Бұл қадам жаңа өндіріс орындарының жедел іске қосылуына таптырмас мүмкіндік сыйламақ.
Импортты алмастыру және отандық металл өнімдерінің үлесін арттыру бағытында «Himmel Aluminium» зауытының да маңызы зор. Алюминий профильдерін шығаруға маманданған кәсіпорынға 3,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Зауыт толық қуатына көшкен кезде жылына 3,8 мың тоннаға дейін жоғары сапалы өнім өндіріп, 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Бұл өңдеу өнеркәсібінің көкжиегін кеңейтетін тағы бір сәтті жоба болмақ.
Құрылыс индустриясына зор серпін берген келесі бір алпауыт жоба – тәулігіне 25 540 шаршы метр керамогранит өндіретін «Wan Sheng Ceramic» серіктестігі. Жалпы құны 25,5 миллиард теңгені құрайтын бұл ауқымды жоба екі кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 13 миллиард теңге бағытталған бірінші кезеңі іске қосылып, 350 адам жұмысқа орналасты. Ал екінші кезеңге тағы 12,5 миллиард теңге инвестиция салынып, жоба толық қуатына енген кезде жаңа жұмыс орындарының саны 700-ге жетеді.