ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БОЙЫНША ШЫМКЕНТ ҮЗДІК ҮШТІКТІ ТҮЙІНДЕП ТҰР

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңес үшінші мегаполистің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңгі даму бағытын айқындаған маңызды басқосу болды. Жиында жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қала бюджетінің орындалу барысы, тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін азық-түлік бағасын ауыздықтау шаралары және ел игілігі үшін жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жан-жақты талқыланды.

Алқалы жиында алдымен сөз алған Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаев Шымкенттің қазынасын толтырудағы оң серпінді жеткізді. Оның айтуынша, шырайлы шаһар салық түсімдерінің өсу қарқыны бойынша жоғары көрсеткішті сақтап, еліміздегі үздік бес өңірдің қатарынан нық орын алған. Бұл – бюджет кірісін еселеп, қазына қаражатын тиімді әрі үнемді жұмсау бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты жемісі. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы атқарылып жатқан шаралар да көңілге сенім ұялатады. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың баяндамасынан белгілі болғандай, қабылданып жатқан кешенді шаралардың арқасында Шымкент баға өсімі ең төмен аймақтардың қатарынан көрініп, әлеуметтік тауарлардың қолжетімділігі бойынша республикада үшінші орынға тұрақтады. Бүгінде қала тұрғындары үшін 100 арнайы сауда нүктесінде бірінші кезекте қажетті өнімдер жеңілдетілген бағамен сатылып жатыр. Оған қоса, дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылып, нарықтағы бағаның негізсіз өсіп кетпеуі жіті қадағалануда.
Қаланың сәулеті мен инфрақұрылымын жақсартуда жер қатынастарының реттелуі де аса маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов мемлекет қажеттілігі үшін жерді кері қайтару ісінің қарқынды жүріп жатқанын алға тартты. Жыл басынан бері 75 жер теліміне қатысты тиісті қаулылар қабылданып, оның 55-і мемлекет меншігіне заңды түрде қайтарылған. Бұл босатылған жерлер алдағы уақытта жаңа жолдар салуға, әлеуметтік нысандар тұрғызуға және қаланың жол инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ. Сондай-ақ жер учаскелерін рәсімдеуді жеңілдету мен тіркеу мерзімдерін барынша қысқарту жұмыстары да бір жолға қойылып келеді. Кеңесті қорытындылаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бюджет қаражатының әрбір тиыны мақсатты әрі тиімді игерілуі тиіс екенін қатаң ескертті. Шаһар басшысы баға тұрақтылығын сақтау ісін босаңсытпай, әсіресе қарапайым халыққа қолайлы жерлерде әлеуметтік сауда нүктелерінің санын әлі де арттыруды тапсырды. Осылайша, Шымкенттегі әрбір игі бастама халықтың әлеуетін арттырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық келбетін жақсартуға бағытталып отыр.