МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕНІҢ МАЙДАНЫ

Сәрсен Құранбек – білім саласын былықтан тазартқан реформатор

Шымкент – тіршілігі қайнаған қала. Мұнда қабылданған әрбір шешім қоғам талқысына түсіп, қызу пікірталасқа ұласады. Арасында сауатты сынды да, салмақты сараптаманы да, кейде тіпті, негізсіз жала мен артық айыптауды да аңғарып жатамыз. Сөз жоқ, демократиялық қоғам үшін бұл – қалыпты құбылыс. Жалпы әлеуметтік желідегі жазбаларға қарап ойың сан саққа жүгіретін тұлғалар болады. Солардың бірі – қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек. Кейбір белгілі белсенділер бұл азаматты ұстаздардың артына шама ала түскен кадр ретінде жазып, өткір сынап жатады. Ал есімі күллі күнгейге ғана емес жалпы алаш жұртына жақсы таныс әдебиетші, ғалым Құлбек Ергөбек «Сәрсен Құранбек – бүгінгі күннің Өзбекәлісі» деген пікірді төтесінен тартты. Қала әкімінің орынбасары турасында жақсы пікір, жылы лебіз білдіретіндердің қатарында алдыңғы аға буын, ардагер журналист пен зиялы қауым өкілдері де бар. Рас, мұның бәрін оқып отырсаң, санада екі түрлі образ қалыптасады. Бірі – өктемдігі мен өркөкіректігі, өзбілермендігі көзге ұрып тұратын азамат, ал екіншісі – заман талабын тап басқан реформатор. Қош, ендеше бүгінгі материалымызда осы бір шырғалаңның шындығын табуға тырысып көрмекпіз…
Шымкенттің білім сапасы неге соңғы орынға жылжыды?
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының үшінші мегаполиске табан тіреп, қызметке кіріскеніне алдағы қарашада тура үш жыл толады. Осы уақыт ішінде атқарылған ауқымды істің де, қабылданған батыл шешімдердің де куәсі болдық. Әсіресе, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған әкімдіктің ресми өкілі ретіндегі апталық баспасөз брифингтері Шымкенттің ақпараттық кеңістігіне мүлде жаңа леп әкелді. Бұл мінбер журналистердің көкейіндегі күдікті сейілтіп, тұрғындарды мазалаған өткір сауалдарға бүкпесіз, нақты жауап беретін ашық алаңға айналды. Осы апта сайынғы қызу талқылаулардың ішіндегі ең көп пікірталас тудырғаны білім саласы екені даусыз.
Осыдан бір жарым жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2025 жылдың ақпанында өткен брифинг әлі күнге дейін есімізден шыға қойған жоқ. Сол уақытта Сәрсен Абайұлы жылдар бойы қалыптасқан, сырты бүтін көрінгенімен, іші іріп жатқан білім саласындағы былықтың бетін ашып, астарын ақтарып тастады. Көзбояушылық пен ресми есептердің тас-талқанын шығарған сол жиында айтылған деректерден дені сау адамның төбе шашы тік тұрарлық еді. Ең алдымен, миллион халқы бар қаланың білім сапасы еліміздегі өңірлердің ішінде ең соңына бір-ақ сырғығаны белгілі болды. Қағаз жүзінде бәрі сай, бәрі мінсіз көрінгенімен, шынайы тексеру кезінде қаладағы 70 мектептің 52-сі мемлекеттік аттестациядан өте алмай, масқара болды. Бұл дегеніміз – құжаттағы көрсеткіштер мен шынайы өмірдегі білім сапасының арасы жер мен көктей екенінің айқын дәлелі. Қала берді, педагогтердің кәсіби деңгейін шыңдайтын біліктілікті арттыру курстарынан уақытылы өтпеудің 579 жағдайы тіркелген. Мемлекеттің ерекше қамқорлығын қажет ететін, тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектелген 301 балаға арналған оқу жоспарының мүлдем бекітілмегені инклюзивті білім беру ісінің Шымкентте аяқасты болып, мүлдем назардан тыс қалғанын ашып берді.
Ең сорақысы бұл емес. Қаладағы 140-тан астам мектептің тең жарымына жуығы, нақтырақ айтқанда, 74 білім ордасы «мақсатты мектептердің» қатарына енген. Бұл – аталған мектептердегі балалардың білім деңгейі төмен, ал материалдық-техникалық базасы заман талабына мүлде жауап бермейді деген қорқынышты үкім. Кейбір мектептерде 120-дан астам заңбұзушылықтың тіркелуі жүйенің жүгенсіз кеткенін аңғартты. Бұл – тек анықталғаны ғана, ал бейнекамералары істемейтін, талапқа сай келмейтін білім ошақтарында әлі де қаншама заңсыздықтың бүркеулі қалғаны беймәлім.
Біз қашанда ұстазды ұлттың шамшырағына теңеп, төрімізге оздырған халықпыз. Алайда сол биік мәртебеге бүгінгі маман лайық па? Тексеріс барысында 36 жыл бойы бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп келген кейбір тәжірибелі педагогтердің қарапайым тесттен өте алмай қалуының анықталуы көкейде талай күдік тудырды. Осы ретсіздіктің бәрі жиналып келіп, қаланың жалпы білім сапасын 48 пайызға дейін бір-ақ құлдыратқан. Сырты бүтін, іші түтін жүйеде қағаз бетінде жоғары санатты, жалақысы еселенген мұғалімдер көп, бірақ іс жүзінде басым бөлігі сол алған санаттары мен құжаттағы дәрежелеріне мүлдем сай емес болып шықты.
Қош, бұл былық пен жүйесіздіктен кім ұтты, кім ұтылды? Ұтқандар – тек өз құлқынын ойлаған, білімді бизнеске айналдырған жауапсыз шенеуніктер мен біліктілігін дәлелдей алмаған мұғалімдер еді. Ал ұтылғаны – қаладағы білім саласына, оның ішінде мұғалімдердің жалақысына жыл сайын 240 миллиард теңгеден астам қыруар қаржы бөліп отырған мемлекет. Ұрпағының көзі ашық, көкірегі ояу болуын армандаған ата-ана мен ертеңге үлкен үмітпен қадам басқан мыңдаған жас жеткіншек те ұтылды. Мемлекеттің миллиардтары далаға кетіп, ұлттың болашағы соққыға жығылды. Дәл осы жан шошырлық деректерді жайып салған Сәрсен Абайұлы сол кезде бұл былықтың тек «айсбергтің» су бетіндегі көрінетін кішкене ғана ұшы екенін астарлап жеткізген еді. Сөзін нық, уәдесін өткір кескен қала әкімінің орынбасары «Келесі үлкен шу қосымша білім беру саласында болады!» деп нүкте қойған болатын. Бұл жай ғана ескерту емес, жылдар бойы тамыр жайып кеткен жүйелі жемқорлық пен немқұрайлылыққа қарсы жарияланған майданның басы еді…
Балаға бөлінген 
қаржы һәм кәсіпкердің майшелпегі
Сәрсен Абайұлының «Келесі үлкен шу қосымша білім беру саласында болады!» деген ескертуі көп өтпей-ақ басталып кетті. Арада біршама уақыт өткенде Шымкенттегі «Көрме» орталығында қала әкімінің орынбасары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қосымша білім беру саласындағы кәсіпкерлер арасында қызу талқылау болды. Мұндағы басты мәселе – бұған дейін кәсіпкерлерді тікелей қаржыландырып келген бірыңғай жүйенің мүлдем тиімсіз болып шығуы және оның орнына келетін жаңа ваучерлік пилоттық жоба. Тексеріс нәтижелері бұл саладағы жүйесіздік пен заңсыздықтың шектен шыққанын нақты деректермен дәлелдеп берді.
Ең алдымен, бақылау шаралары қосымша білім беру ісін кәсіпкерлердің «қолдан жасалған» бизнесіне айналдырғанын көрсетті. Тексеріс кезінде бір ғана педагогтің физикалық тұрғыдан мүлдем мүмкін емес 5-7 мекемеде қатар сабақ беріп келгені анықталды. Тіпті, кейбір балалар бір мезетте 7 үйірмеге дейін тіркеліп, оның әрқайсысы үшін мемлекет кәсіпкерлерге бюджеттен үздіксіз ақша төлеп отырған. Бұл бір баланың құқығы шексіз қамтамасыз етілгенде, өзге балалардың орын таппай қағылуына әкелген теңсіздік еді. Оның үстіне, заң бойынша қосымша білімге еш қатысы жоқ, негізгі қызметі жылжымайтын мүлікті жалға беру, ортопедиялық тауарларды саудалау немесе машина мен жабдықтар сату болатын кәсіпкерлік нысандар да осы мемлекеттік қаржыны кедергісіз игеріп келген. Географиялық теңсіздік те білім сапасына ауыр соққы болып тиді. Шымкенттегі қосымша білім беретін өнім берушілердің 90 пайызы тек қала орталығында шоғырланған. Салдарынан, үшінші мегаполиске қарасты 41 елді мекенде, атап айтқанда Жыланбұзған, Тоғыс секілді шалғай ауылдарда балаларға арналған бірде-бір үйірме ашылмаған. Мұнымен қоса, ерекше қажеттілігі бар балалардың құқығы мүлдем назардан тыс қалғаны белгілі болды. Төленетін қаржы көлемі барлық балаға тең болғандықтан, кәсіпкерлер шығыны көп келетін ерекше балаларды қабылдаудан бас тартқан. Нәтижесінде, 2021 жылдан бері Шымкентте ерекше қажеттілігі бар бірде-бір бала қосымша білім беру мекемелеріне қабылданбаған.

Нәтижесінде мемлекет бұл былықты тоқтату үшін «бір бала – бір ваучер» жүйесіне көшуді қолға алды. Жаңа жүйе бойынша әр балаға тек бір ғана тегін ваучер беріледі. Ата-ана баласына ең қажетті бір үйірмені арнайы платформа арқылы таңдайды, ал оның сабаққа қатысуын арнайы код арқылы растап отырады. Қаржы тек осы бақылаудан кейін ғана мекемеге аударылады. Бұл қадам нарықтағы 350-ге жуық жекеменшік мекеменің арасындағы бәсекені арттыратын еді. Оған қоса, мектептер мен колледждер де «нысаналы ваучер» арқылы бұл нарыққа араласып, мұғалімдердің қосымша табыс табуына жол ашылатын. Бұл шаралар қала орталығындағы қызу бәсекелестікті арттырып, кәсіпкерлерді шалғайдағы 41 елді мекенге ойысуға мәжбүрлейтін еді.
Жаңа жүйеге көшудің алғашқы қадамдары жасалған сәтте бұл реформаның қаржылық ауқымы да айтарлықтай үлкен болды. 2025 жылдың шілде-желтоқсан айларына арналған пилоттық жобаның бюджеті 4 миллиард теңге болып бекітіліп, бұл қаражат 44 809 орынды қамтыған еді. Сол тұста жаңа жүйе бойынша бұрынғыдай әр басқарма өз бетінше баға белгілеуін тоқтатып, бюджеттік бағдарламаның бірыңғай әкімшісі ретінде Білім басқармасы бекітілді. Жаңа есептеулер негізінде қарапайым балаға айына 15 мың теңге, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға 22,5 мың теңге, ал мүгедектігі бар балаға 30 мың теңге қаржы бөлінетін болып шешілді. Әрине, бұл бағалар жеке ғимараттарды қымбатқа жалдап отырған қала орталығындағы кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Алайда қала бюджетінің 44 пайызы республикалық бюджетке тәуелді болып отырған кезде, қосымша білім беруге жылына бөлінетін 10 миллиард теңгеден астам қаражаттың әр тиыны қатаң сұрауда болуы тиіс еді. Сәрсен Абайұлы атап өткендей, мемлекеттің басты мақсаты кәсіпкердің қалтасын толтыру емес, баланың сапалы білім алуын қамтамасыз ету болатын. Міне, осылайша наразылықтардың келесі толқыны осындай ашық талқылау барысында басылды. Әрине, артынша әлеуметтік желіде бастаманы қаралау, қала әкімінің орынбасарын сынау белең алды. Әйткенмен оған көнген, сонымен қатар мемлекеттің мүддесін кәсіпкерге жығып берген кадрды көргеніміз жоқ. Айтты, сөзінде тұрды. Рас қой, мемлекет қаржыны кәсіпкерге емес, балаға бөліп отыр. Ендеше бірінші кезекті баланың мүддесі қорғалуы керек. Кәсіпкердің мүддесі онымен тоқайласпаса, кінә мемлекетте емес. Нарықтағы бәсеке баршаға ортақ. Талапқа жауап бергендер, қаражатты алады. Бәсекеден қағылса, қалады. Бітті! Дегенмен осы бір қағиданы ескергісі, түсінгісі, қабылдағысы келмегендер сынап жатты. 300-ден астам кәсіпкердің табыстан қағылғаны да шындық шығар, бірақ дәл осы бастаманың арқасында мыңдаған бала қосымша біліммен қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ұтты. Ата-ана мен баланың мерейі үстем келді.

Сапалы білімнің берік үштағаны…

Шымкенттің білім саласындағы реформалар тек қосымша білім беруді реттеумен шектелген жоқ. Қоғамның жаңа технологияларға, жасанды интеллект пен цифрлық жүйелерге көшу процесі білім ошақтарының ішкі жүйесін де түбегейлі өзгертті. Осы уақытқа дейін қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде нәтиже бермеген мәселелерді шешу үшін қалада «Айқын», «Қарқын» және «Алақан» атты біртұтас цифрлық жобалар іске қосылды. Бұл бастамалар мектеп қауіпсіздігін, педагогтердің жұмыс сапасын және бюджет қаражатының жұмсалуын тікелей бақылауға алды.
Қауіпсіздік саласындағы басты жаңалық – құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын «Айқын» жүйесінің енгізілуі. Бұған дейін қаладағы мектептерде орнатылған 2381 бейнекамера Жедел басқару орталығына мүлдем қосылмай, тек 2782 камера ғана жұмыс істеп келген еді. Жаңа жоба аясында білім ошақтарына 10400-ге жуық жаңа камера орнатылып, олар толығымен Жедел басқару орталығына онлайн режимде қосылды. Мәселен, А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында 180 камера, ал өзге мектептерде көлеміне қарай кемінде 50-60 камерадан орнатылды. Бұл камераларға жасанды интеллект бағдарламасы біріктіріліп, ол суық қару ұстаған адамды, бөтен тұлғаларды автоматты түрде анықтап, Жедел басқару орталығының бас экранына дабыл жолдайтын деңгейге жетті. Оған қоса, бұрын мемлекет меншігіндегі дабыл батырмаларының бағдарламасы жекеменшікте қалып, оны ұстап тұру үшін жыл сайын 170 миллион теңге сұралатын тиімсіз жүйенің орнына құны 700 миллион теңгеден асатын жаңа дабыл батырмалары жекеменшік компания тарапынан тегін орнатылды. Сондай-ақ мектептердегі турникеттер автоматты түрде жиналатын жүйеге ауыстырылып, төтенше жағдайда кедергілер бірден түсетін болды. Интернет желісі де онлайн бақылауға алынып, байланыс үзілген жағдайда 1-4 сағат ішінде қалпына келтірілетін берік жүйе құрылды. Жобаны жүзеге асырған компания 1 миллион метрден астам интернет кабелін тартып, барлық базаны орнатты. Мемлекет бұл қызметтің ақысын 3 жыл ішінде ай сайын бөліп төлейді, ал одан кейін 1 жыл тегін қызмет көрсетіліп, бүкіл жүйе мен құрылғылар мемлекет меншігінде қалады.
Қауіпсіздікпен қатар, білім сапасы мен еңбек тәртібін бағалау үшін «Қарқын» жобасы іске қосылды. «Айқын» жүйесінен алынған бейнематериалдар мен деректер негізінде мұғалімдердің жұмысқа келу уақыты, сабақтардың өтілуі, сағат сандары, педагог жүктемесі және оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші онлайн режимде бағаланады. Осы цифрлық жүйенің арқасында бұған дейін білім ордаларында жасырын қалып келген 2 мыңнан астам бос ваканциялар анықталды. Оның ішінде, 104 математика, 83 бастауыш сынып, 61 тарих, 41 қазақ тілі мен әдебиеті, 45 ағылшын тілі, 49 орыс тілі мен әдебиеті, 37 физика, 32 география, 42 информатика пәні мұғалімінің орны бос тұрғанын білдік. Бұл аз десеңіз, 50 сағаттық жүктеме үшін ақы алып келгендер белгілі болды. Артынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, жас мамандар жұмысқа орналасты.
Ал «Алақан» жобасы мектеп асханаларындағы бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойды. Бұрын мектепке келмеген немесе ауырып қалған балаларға да қағаз жүзіндегі жоспар бойынша толық қаражат төленіп келсе, енді мемлекет тек нақты тамақтанған бала санына қарай ақша аударады. Оқушылар асханаға кірерде алақанын арнайы құрылғыға қойып растайды, ал ата-аналар бұл процесті мобильді қосымша арқылы қадағалай алады. Дәл осы жүйенің нәтижесінде небәрі 4 айдың ішінде 540 миллион теңге қаржы үнемделді. Бұл сандар цифрлық бақылаудың тек білім сапасы мен қауіпсіздікті емес, мемлекет қазынасының әрбір тиынын тиімді жұмсауды толықтай қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді. Бұл тақырып бойынша да қоғамда қызу талқылау болды. Кейінірек қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы шаһардағы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясына барша журналистерді жинап, процесті толықтай іс жүзінде көрсетіп, тарқата түсіндіріп берді. Әрине, осыншама қыруар істе әуелі қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың, содан кейін реформаларды сөзбұйдаға салмай, нақты іспен жүзеге асырған Сәрсен Құранбектің қолтаңбасы көрініп тұр.

Оймақтай ой…

Түйіндей келе, Шымкенттің білім саласындағы бұл өзгерістер жай ғана үстірт түзетулер емес, жылдар бойы қордаланған жүйелі мәселелердің тамырын тапқан түбегейлі бетбұрыс екені даусыз. Әрине, кез келген ауқымды реформаның басында тұрған тұлғаның қоғамда түрлі сипатта қабылдануы — қалыпты құбылыс. Оңай жолмен келетін уақытша танымалдылықтан гөрі, жүйелі тәртіп пен мемлекет мүддесін бірінші орынға қою әрқашан үлкен жауапкершілікті әрі батылдықты талап етеді. Бұл ретте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің реформаторлық рөлі мен басқарушылық стилі ерекше назар аудартады. Ол өзі кураторлық ететін, қоғамның ең нәзік әрі маңызды салаларын асқан ұқыптылықпен бақылап, бірде-бір бағыттың шашауын шығармай, тізгінді берік ұстап отыр. Нағыз реформатордың міндеті – көпке бірдей жағымды болу емес, жүйенің тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сайып келгенде, Шымкенттегі бұл реформалардың шынайы бағасын уақыт пен сапалы білім нәрімен сусындаған жаңа буынның жетістігі берері сөзсіз!

Қ.МОМЫНХАН.