ЗАҢСЫЗ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕ ТҮСТІ

Түркістан облысының әкімдігінде аймақ байлығын заңсыз иеленудің алдын алу және аудан, қала аумақтарында бейберекет пайда болған орындарға тосқауыл қою мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Құқық қорғау органдары мен салалық басқарма басшылары, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын өкілдері бас қосқан жиында табиғи ресурстарды ұтымды игеру, экологиялық қауіпсіздікті сақтау және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын тізгіндеу жайы егжей-тегжейлі талқыланды. Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бұл түйткілдердің өңір табиғатын қорғау мен жол инфрақұрылымын сақтауда маңызы зор екенін қадап айтты.

Ол арнайы құрылған мобильді топтардың апта сайынғы рейд жұмыстарын күшейтуін, ал жауапты басқармаға карьерлердің рекультивациялану барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Жиында айтылғандай, жер қойнауын пайдаланушылар заң шеңберінде, адал жұмыс істеуге тиіс, өйткені қоршаған ортаны қорғау — баршаға ортақ міндет. Бүгінгі таңда облыс аумағында пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 234 заңды тұлға тіркелген болса, оның басым бөлігі лицензия мен келісімшарт негізінде еңбек етуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы кәсіпкерлерден аймақ бюджетіне 9,1 миллиард теңгеге жуық қаражат құйылса, оның тең жартысына жуығы жасыл белдеуді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар игерілмей бос жатқан немесе талапқа сай келмейтін учаскелерді түгендеу барысында 504 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Облыстық Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасовтың мәліметінше, міндеттемесін орындамаған 49 кәсіпорынның құжаттары заңдық шара қолдану үшін құзырлы департаментке жолданған. Ал есеп беруде мүдірген 125 кәсіпкерге кемшілікті жоюға үш ай уақыт берілді, әйтпесе олар да рұқсатынан айырылмақ. Ең бастысы, өңірде анықталған заңсыз 22 қазба орнына күнделікті мониторинг жүргізіліп, ауыр жүк көліктерін бақылайтын бейнекамералар орнатыла бастады.
Тәртіптің сақталуын күзеткен Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев та соңғы бес айдан астам уақытта заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 125 дерегі әшкереленгенін жеткізді. Осы орайда 115 ауыр жүк көлігі мен арнайы техника айыптұраққа тоғытылып, мемлекетке келген залал көлемі есептелген соң, Экология департаменті тарапынан миллиондаған теңге айыппұл салынды. Тексеріс барысында кейбір кәсіпорындардың рұқсат етілген шекарадан шығып кетуі, лицензиясы бітсе де жұмысын тоқтатпауы, тіпті көліктерге белгіленген салмақтан артық жүк тиеп, тас жолдардың тозығын жеткізуі сияқты өрескел заңбұзушылықтар кездескен. Салмақ нормасын бұзғандарға да заң аясында тиісті айыппұлдар қолданылды.