БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның маңызды штаб отырысы өтті. Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекет пен қоғамның алдындағы ең жоғары ортақ жауапкершілік екенін айрықша атап өтті. Өңір басшылығы тарапынан әрбір баланың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы, денсаулығын сақтап, қабілетін шыңдауы үшін кешенді жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып жатқаны сөз болды.
Қорғау мен қолдауды қажет ететін бұл сала тұрақты бақылауда екенін қадап айтқан Ертай Кенжебекұлы ведомствоаралық байланысты бекемдеп, балалардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу бағытындағы шараларды ширата түсуді міндеттеді. Алқалы жиында ағымдағы жылдың алғашқы бес айында орын алған жағдайларға терең талдау жасалып, жауапты тұлғалардың есептері тыңдалды. Атап айтқанда, облыстық психологиялық қолдау орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Азиз Шамитдинов атқарылған істерді сараласа, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі бойынша өзекті ақпараттарды ортаға салды. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асхат Ержанов пен облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев оқушылардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін нығайтып, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған дайындық шараларын баяндады. Жазғы уақытта балалардың су айдындарындағы және көшедегі қауіпсіздігін жіті қадағалау кезек күттірмейтін өзекті мәселе екені тағы да пысықталды.
Алқалы басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, күтпеген жазатайым жағдайлар мен келеңсіз құбылыстардың алдын алу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, қоғам арасында құқықтық түсіндіру және ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды барынша күшейту, мекемелер арасындағы тығыз байланысты жандандыру қажеттігі шегелеп айтылды. Мәжіліс барысында ортаға тасталған барлық сындарлы ұсыныстар мен пікірлер арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың алдағы уақытта мүлтіксіз орындалуы облыс басшылығының қатаң бақылауына алынды.




