ЕЛ СЕНІМІ МЕН ЕҢБЕКТІҢ БАҒАСЫ

қала әкімі Бахадыр Нарымбетов пен Айжан Наимбековаға құрмет көрсетті
Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс XXXVII сессиясы өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысқан аталған маңызды жиында бірқатар шешімдер қабылданды.
Тарқатар болсақ, алда өтетін Құрылтай сайлауына кандидат ретінде «ӘDІLET» партиясынан тіркелген мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Ал мәслихат депутаты, мәслихаттағы Кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Айжан Наимбекованың өзі сайланған саяси партияның қатарынан шығуына байланысты депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар тұрақты комиссия құрамынан шығарылды. Жиын барысында қала әкімі аталған депутаттарға құрмет көрсетіп, алғысын жеткізді, сондай-ақ алдағы саяси додада сәттілік тіледі.
Өкілеттігі тоқтаған халық қалаулылары осы уақытқа дейін Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық дамуына өлшеусіз үлес қосып, тұрғындардың мұң-мұқтажын шешуде белсенділік танытқан азаматтар ретінде белгілі. Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов мәслихат тізгінін ұстаған жылдары қалалық деңгейдегі маңызды шешімдердің қабылдануына ұйытқы болып, өкілді билік, бұқара және атқарушы билік арасындағы сындарлы диалогты жоғары деңгейде үйлестіре білді. Ол мегаполистің инфрақұрылымын жақсарту, жаңа әлеуметтік нысандар салу және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген бастамалардың басы-қасында болды. Оның азаматтардың жеке өтініштеріне құлақ асып, оңтайлы шешілуін тікелей бақылауда ұстауы қала тұрғындарының арасында үлкен құрмет пен жоғары сенімге ие етті.
Ал Айжан Ізбасханқызы Наимбекова Кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссияны басқара отырып, Шымкенттің іскерлік ортасын дамытуға жаңа серпін берді. Оның тікелей араласуымен қаладағы шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктері сәтті жүзеге асып, кәсіпкерлер құқығын қорғау мен оларға кедергісіз жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар қала шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларын цифрландыру, «Ақылды қала» жобаларын енгізу ісінде де белсенділік танытып, мегаполистің заманауи даму көшінен қалып қоймауына елеулі еңбек сіңірді.
Қаланың өсіп-өркендеуіне маңдай тері мен біліктілігін сарп еткен белсенді жандар ендігі кезекте ел деңгейіндегі жаңа белестерді бағындыруды көздеп отыр. Жиналғандар бұған дейін өздерін іскер әрі жауапты басшы ретінде көрсете білген Бахадыр Нарымбетов пен Айжан Наимбекованың бұл додада да сенімнің үдесінен шығатынына зор сенім білдірді.
Ж.БАЛАУСА.




