ШЫМКЕНТТЕ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Шымкентте Астана күніне орай «Елімнің жүрегі – Астана» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Жаңа үлгіде бой көтерген «Shym City» саябағының еңселі амфитеатрында ұйымдастырылған айтулы мейрам аясында қала тұрғындары мен ағылған қонақтар үшін «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары дайындаған ерекше бағдарлама ұсынылды. Тұтас елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптеуді және мемлекетіміздің бас қаласы — Астананың тарихымыздағы рөлін айшықтауды мақсат еткен кеш жиналған көпшіліктің Мемлекеттік Әнұранды тебірене орындауымен басталды.
Бұдан кейін сахна төрінде би ұжымдарының көздің жауын алатын ұлттық киімдері мен заманауи үлгіде өңделген халық билері көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Бас қалаға деген ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігін әуезді әнмен өрген жас орындаушылардың өнері де жиналғандардың жүрегіне жол тапты. Концертті тамашалауға немерелерін ерте келген қала тұрғыны Исабек Құлжанов кештің жоғары деңгейде өткеніне ризашылығын білдіріп, бас қаланың туған күні елдің біртұтас рухын қалыптастырудағы маңызды мереке екенін, мұндай шаралар жас ұрпақтың бойына патриотизм мен мақтаныш сезімін ұялататынын ағынан жарыла жеткізді.
Концерттік бағдарламаның тартымды болғаны сонша, ата-аналар уақыттың қалай өткенін сезбей, мерекелік бағдарламаны тамашалап отырса, балақайлар сахнаға шығып, әртістермен бірге ән айтып, би билеп, кештің көркін қыздыра түсті. Ал шымкенттік өнерпаздар өздерінің кәсібилігін көрсетіп, кішкентай бүлдіршіндерді құшақ жая қарсы алып, олармен бірге ыстық ықыласпен суретке түсіп, балаларға шынайы қуаныш сыйлады.




