ДОМБЫРА – ҰЛТТЫҢ ҮНІ

Шымкент тұрғындары мен қонақтары үшін бұл күн ерекше рухани тартумен басталды. Тарқатсақ, мегаполистің «Теріскей» аялдамасынан №35 бағыттағы қоғамдық көлікке мінген жолаушылар күтпеген жерден шымкенттік домбырашылардың өнеріне куә болып, ерекше әсерге бөленді. Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты ауқымды мәдени акция аясында «Шымкент-концерт» ұйымының өнерпаздары мен белгілі әртістері сахна шеңберінен шығып, қала көшелері мен халық көп шоғырланатын орындарда «Домбырашылар шеруін» өткізді.

ІІМ мектебіне дейінгі жол аралығында автобус ішін күй күмбіріне бөлеген өнер иелері, кері бағытта №108 қоғамдық көлікке ауысып, ұлттық ән-күйді кеңінен насихаттады. Күнделікті күйбең тіршілікпен асыққан жолаушылардың жүрегіне жол тапқан бұл шағын концерт жұртшылықты бей-жай қалдырмады. Жолаушылар өнерпаздармен жарыса ән шырқап, қол соғып, бұл сәтті естелік ретінде суретке түсіріп жатты. Мерекелік игі шара тек қоғамдық көлік ішімен ғана шектеліп қалған жоқ. Қаланың үлкен күре жолдарының бойында орналасқан Теріскей және Гүлжан аялдамаларында да қазақтың әйгілі «Адай», «Балбырауын» сынды рухты күйлері орындалып, төңіректі қоңыр үнге бөледі.
Ұлттық музыканы тыңдауға аялдаған қала тұрғындары күйшілердің шеберлігіне тәнті болып, ыстық ықыластары мен шынайы ризашылықтарын білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнер мен мемлекеттік құндылықтарды өзара ұштастырған бұл бірегей жоба Шымкент көшелерінің ажарын ашып, мерекенің мазмұнын тереңдете түскен. Күнделікті қарбалас уақытта тұрғындарға күтпеген жерден рухани сый жасаған қоғамдық көліктегі бұл концерттер мегаполис жұртшылығы үшін ұзақ уақыт есте сақталатын ерекше тартуға айналып, Ұлттық домбыра күнінің асқақ рухын тағы бір мәрте айшықтап берді.