ШЕКАРАДАҒЫ ШЕКТЕУ – ТАПШЫЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ

Жанармай нарығындағы тұрақтылық – ұлттық қауіпсіздік пен ел экономикасының, әсіресе, ішкі көлік-логистика жүйесі мен ауыл шаруашылығының қалыпты тіршілігін айқындайтын басты фактордың бірі. Көршілес Ресейдегі Омбы мұнай өңдеу зауытында орын алған соңғы жағдайлар мен шекаралас аймақтардағы отын жылыстату мәселесі қоғам ішінде «жанар-жағармай тапшылығы туындамай ма?» деген заңды алаңдаушылық пен түрлі қауесеттерге тамызық болғаны жасырын емес.
Бұл ретте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың ресми мәлімдемесі нарықтағы алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойып, мемлекеттің ішкі отын балансын сақтаудағы стратегиялық дайындығын көрсетті. Министрлік өкілінің айтуынша, сыртқы факторлар мен көрші елдегі өндірістік іркілістер отандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына ешқандай салқынын тигізбейді. Сараптап қарар болсақ, бүгінде Энергетика министрлігі ұлттық компаниялармен тізе қоса отырып, ішкі нарықтың сұранысын толық өтей алатын отын қорын қалыптастырған. Десе де мемлекет тек ішкі өндірісті реттеп қана қоймай, арзан отандық жанармайдың шекара асып, заңсыз жолмен сыртқа ағылуын тежеуге бағытталған өткір әрі батыл қадамдарға баруға мәжбүр болып отыр. Әсіресе, баға айырмашылығын пайдаланып, Қазақстанның солтүстік өңірлерінен Ресейге бензинді бақылаусыз тасымалдау әрекеттерінің жолын кесу үшін шекаралық бекеттерде арнайы шектеулер енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес, жүк көліктері мен жеңіл автокөліктердің мемлекеттік шекарадан тәулігіне бір реттен артық өтуіне тыйым салынған. Бұл шұғыл шара еліміздегі жанармай құю станцияларындағы отын қорының ортайып қалмауына және ішкі тұтынушылардың мүддесін қорғауға тікелей септігін тигізуде. Сонымен қатар құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, көлеңкелі экспорт пен контрабандалық схемаларды әшкерелеу жұмыстары да күшейтілген.
Халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне тікелей әсер ететін тағы бір өзекті мәселе — сұйытылған мұнай газының бағасы. Автокөлік иелері мен қарапайым тұрғындар арасында бұл отын түрінің де құны жақын арада шарықтайды деген сыбыс тараған еді. Алайда вице-министр бұл ақпараттың да ешқандай негізсіз екенін, қазіргі уақытта ведомство тарапынан сұйытылған газ бағасын өсіру мәселесі мүлдем қарастырылып жатпағанын кесіп айтты.
Отандық мұнай өңдеу алпауыттарының штаттық режимде, толық қуатында жұмыс істеп тұруы — нарықты саяси және экономикалық сілкіністерден қорғайтын негізгі қалқан. Қорыта айтқанда, тараған түрлі сыбыстар шындыққа жанаспайды. Әйткенмен шекарадағы бақылауды күшейте түспесек, көрші елдегі қымбатшылық пен тапшылықтың зардабын біздің де көруіміз ғажап емес…
О.ҚАСЫМ.




