ҚЫЗАНАҚ ПЕН ҚИЯР АРЗАНДАП, ҚЫРЫҚҚАБАТ ҚЫМБАТТАҒАН

делдалдар әлі де дес бермей тұр…
Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын басты көрсеткіш – күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы. Әсіресе, нарықтағы инфляциялық қысымдар шаршатқан қарапайым жұрт үшін әрбір тиынның есебі маңызды. Осы орайда, Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметтері көңілге біраз демеу ұялатады. Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылдың 24 маусымы мен 1 шілдесі аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 99,9 пайызды құрап, ел аумағында апталық дефляция, яғни бағаның белгілі бір деңгейде төмендеу үрдісі тіркелді.
Бұл құбылысты жазғы маусымның келуімен және отандық өнімдердің нарыққа көптеп шыға бастауымен байланыстыруға болады. Дегенмен бұл тұрақтылықтың артында қаншалықты жүйелі жұмыс жатқанын саралап көру де қажет. Апталық көрсеткіштердің ішкі динамикасына үңілсек, тұтынушылар үшін ең қажетті деген жеті түрлі азық-түлік тауарының арзандағанын көреміз. Жаз айларының сипатына сай, ең көп төмендеу бақша өнімдерінде байқалып, қызанақ бағасы 8,5 пайызға, ал қияр 8,3 пайызға құлдыраған. Бұған қоса, күнделікті ас мәзірінен түспейтін жұмыртқа 1,5 пайызға, алма 1,1 пайызға, жаңа ауланған және мұздатылған балық өнімдері 0,4 пайызға, күнбағыс майы 0,2 пайызға, ал айран 0,1 пайызға арзандап, тұтынушы қалтасына сәл де болса жеңілдік әкелді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетінің өзегі саналатын күріш, нан және сүт бағасының бұл аптада қозғалыссыз, бір қалыпта сақталуы нарықтағы ішкі тепе-теңдіктің белгілі бір деңгейде реттелгенін аңғартады. Десе де дефляциялық үрдістің қатарында қымбатшылықтың да құрығы қысқармай тұрғанын жасыруға болмайды. Осы мерзімде 21 түрлі тауардың бағасында өсім байқалған. Әсіресе, қырыққабаттың 7,9 пайызға бірден қымбаттауы нарықтағы маусымдық ауысу сәтінің әлі де тұрақсыз екенін көрсетсе, пияз бен картоп бағасының 1,9 пайызға, қанттың 1,6 пайызға көтерілуі де бұқараның қалтасына салмақ салып отыр. Қалған өнімдер бойынша өсім деңгейінің 1 пайыздан аспауы жағдайдың әлі де бақылауда екенінен хабар береді.
Баға саясатының өңірлік картадағы көрінісі де әртүрлі сипатта өріліп отыр. Еліміздің төрт аймағында бағаның өсу үрдісі байқалып, Ақмола облысында көрсеткіш 0,2 пайызға, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1 пайызға жоғарылаған. Ал алып шаһарлар – Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға деңгейінің мызғымай, тұрақты сақталуы бұл өңірлердегі логистика мен ішкі қордың дұрыс үйлестірілгенін көрсетеді. Қуанарлығы, бағаның төмендеу үрдісі еліміздің 12 өңірінде қатар тіркелді. Төмендеудің ең жоғары шегі Сыр өңірінде байқалып, баға 0,9 пайызға төмендеген. Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш 0,3 пайызды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,2 пайызды құраса, Шымкент қаласы мен Павлодар, Абай, Жетісу облыстарында баға деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, нарықтың біртіндеп саябырсығанын байқатты.
Әрине, нарықтағы мұндай құбылыстар өздігінен реттелмейді, бұл – мемлекеттік деңгейдегі қатаң қадағалау мен нақты шаралардың нәтижесі. Сауда және интеграция министрлігінің өзге де құзырлы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты реттеу бағытындағы жұмыстары нақты нәтижелермен көзге көрініп отыр. Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың 581 рет арнайы отырысы өткізіліп, заңда белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін негізсіз асырған, яғни халық есебінен оңай олжа тапқысы келген кәсіпкерлер мен сауда нүктелеріне қатысты 2 434 әкімшілік қаулы шығарылған. Сонымен қатар тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын зерттеген мамандар 26,5 мыңнан астам тауар өткізу тізбегін мұқият тексеріп, заң талаптарының бұзылуына және делдалдардың бағаны қолдан өсіруіне байланысты 3 816 қауіп-қатерді анықтап, жолын кескен. Қорыта айтқанда, азық-түлік бағасын тұрақтандыру — тек экономикалық қана емес, елдің ішкі бірлігі мен әлеуметтік әділеттілігін сақтаудың басты кепілі. Алдағы уақытта да маусымдық тиімділікті пайдалана отырып, отандық өнім өндірушілерді қолдау және алыпсатарлыққа тосқауыл қою шаралары толастамауы тиіс, өйткені халықтың әлеуметтік көңіл-күйі тікелей осы нарықтың тазалығы мен тұрақтылығына байланысты.
Ж.БАЛАУСА.




