ҮКІМЕТТІҢ ҮМІТІ ҺӘМ НАРЫҚТЫҢ НАҚТЫ АХУАЛЫ

көрсеткіштер нені меңзейді?
Бүгінгі жаһандық нарықтың құбылмалы кезеңінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту — уақыт күттірмейтін стратегиялық міндет. Осы орайда, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен жиынында жүктеген тапсырмаларын орындау барысы талқыланып, ел дамуының басты бағыттары сарапқа салынды. Жиында Үкімет басшысының орынбасарларынан бастап, негізгі салалық министрлерге дейін баяндама жасап, атқарылған ауқымды істер мен алдағы межелерді ортаға салды. Әсіресе, экономиканың күретамыры саналатын өнеркәсіп пен құрылыс салаларындағы ілгерілеушілік пен түйткілді мәселелердің шешілу жолдары жиын өзегіне арқау болды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, бүгінде елдің өңдеу өнеркәсібі 9 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Өткен жылы пайдалануға берілген 190 жобаның нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, мыңдаған отандасымыз тұрақты жұмыспен қамтылған еді. Ал ағымдағы жылдың жоспары бұдан да ауқымды. Тарқатсақ, жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде құны 252 миллиард теңге болатын 74 жоба іске қосылып, 4,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Десе де тек жобаларды іске қосып қана қоймай, олардың заңнамалық тұрғыдан қорғалуы мен жүйелі дамуын қамтамасыз ету — басты міндет. Осы орайда, биылғы 24 маусымда қол қойылған Машина жасау саласын дамыту мәселелері жөніндегі заң отандық индустрияға жаңа серпін бермек. Жаңа заң аясында мемлекеттік қолдау көретін өнеркәсіптік кластерлер құрылып, ірі кәсіпорындар мен аймақтардағы шағын және орта бизнестің арасында өндірістік кооперация дамымақ. Ең маңыздысы, көлік құралдарының бөлшектерін құрастыру кезінде қазақстандық тауарларды пайдалану міндеті бекітіліп, өндірістік қуаттардың теңгерімін бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын ішкі нарықтың сұранысына сай тиімді жоспарлауға зор мүмкіндік береді. Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделі әзірленіп, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету желісі жолға қойылмақ. Жеке операторларды тарту және дайын өндірістік ғимараттар салу арқылы жаңа зауыт-фабрикаларды іске қосу мерзімі қысқарып, елдің инвестициялық тартымдылығы арта түспек.
Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды индикаторы — құрылыс саласы. Бес айдың қорытындысы бойынша бұл саладағы жұмыс көлемі 2,4 триллион теңгені құрап, 13,4 пайызға өскен. Осы мерзім ішінде 6,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың деңгейінен 4,5 пайызға жоғары көрсеткіш тіркелді. Биылғы меже — 20 миллион шаршы метр баспананы халық игілігіне беру. Саланың құқықтық негізін бекемдеу мақсатында қабылданған жаңа Құрылыс кодексі бұл бағыттағы мәселелерге тосқауыл қоюы тиіс. Жаңа кодексті жүзеге асыру шеңберінде 138 нормативтік-құқықтық акт қабылданып, бірінші шілдеден бастап күшіне енген жаңа ережелер құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, рәсімдерді ашық әрі тиімді етуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру бағытында 223 жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Министрліктің алға қойған ұзақмерзімді жоспары бойынша, 2030 жылға дейін жалпы құны бір триллион теңгеден асатын 5 мың шақырым су құбыры мен 2800 шақырым су бұру желісі жаңғыртылып, 800 миллиард теңгеге 45 кәріз тазарту құрылысы бой көтермек.
Қорыта айтқанда, Үкімет отырысында қаралған бұл шаралар — жалаң есеп емес, ел экономикасының ертеңгі тұрақтылығы мен бұқараның әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істердің бастауы. Ендігі кезекте осы қабылданған заңдар мен бөлінген миллиардтардың қағаз жүзінде қалмай, халықтың игілігіне нақты айналуын қатаң бақылауда ұстау — атқарушы биліктің басты міндеті болмақ.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




