«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРМАҚ

мемлекет басшысының бастамалары – партияның басты бағдары

Жуырда Шымкентте «Әділет» партиясы қалалық филиалының бірінші конференциясы өтіп, ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Басқосудың басты жаңалығы – ашық дауыс беру нәтижесінде филиал басшысы болып Мұрат Жаңабайұлы Жолдыхожаевтың сайлануы болды.

Партияластарының бірауыздан қолдауын иеленген Мұрат Жаңабайұлы – жергілікті саяси аренада өзіндік қолтаңбасы бар, тәжірибелі кадр. Іскерлігі мен аймақтың тыныс-тіршілігін іштен білуі оның осы жауапты қызметке таңдалуына басты негіз болса керек. Жаңа лауазымда Мұрат Жолдыхожаев қалалық филиалдың жұмысын үйлестіріп, партияның бағдарламалық мақсаттарын іске асыруға, халықпен ашық диалог орнатуға және мегаполистегі партия белсенділігін жаңа деңгейге көтеруге күш салмақ. Сонымен бірге конференция қорытындысы бойынша филиалдың Саяси кеңесі мен Бақылау-тексеру комиссиясы да жасақталды. Олардың қатарында бизнес, білім, денсаулық сақтау, БАҚ пен мәдениет саласының білікті мамандары бар.
Команда жасақталды, мақсат айқын. Ендігі кезекте Мұрат Жолдыхожаев бастаған партияның Шымкент қалалық филиалы қала тұрғындарымен жүйелі жұмыс істеп, азаматтық қоғам институттарымен және кәсіпкерлермен тиімді серіктестікті дамытуға басымдық бермек. Тәжірибе мен жаңа серпін тоғысқан тұста, жұмыстың нәтижелі болары сөзсіз. Ендеше сәттілік серік болсын деп тіледік!

«Уақыт».