МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ САРАЛАНДЫ

Киелі Түркістан топырағының әуелден-ақ түркі жұртының темірқазығы, ұлттық руханиятымыздың алтын бесігі болып келгені хақ. Бүгінде заманауи келбетімен көз тартатын көне шаһар тек туристік мекен ғана емес, жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын халықаралық дипломатиялық алаңға айналып үлгерді. Жақында ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде өткізген өңір тағы бір рет төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Ринат Мұхаметқали Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің мәдениет пен туризм саласының тыныс-тіршілігімен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында аймақтың мәдени әлеуетін еселеу мен туризм көкжиегін кеңейтудің өзекті мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Ертай Алтаев киелі өңірдің ел абыройын асқақтатудағы рөліне ерекше тоқталып, алдағы уақытта Түркістан қаласында Түркі Мемлекеттері ұйымының білім мен ғылым министрлерінің және жоғары сот төрағаларының басқосуы өтетінін сүйіншіледі. Ең бастысы, 2027 жылы Халықаралық ИСЕСКО ұйымының шешімімен Түркістанның ислам әлемінің мәдени астанасы атануы – аймақ мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі. Мұндай ауқымды жетістіктердің артында әрине, күн демей, түн демей еңбек етіп жүрген мәдениет және руханият саласы қызметкерлерінің маңдай тері жатқаны сөзсіз.
Бүгінде Түркістанның мәдени тынысы тек облыс орталығымен шектеліп қалмай, шалғайдағы аудан-ауылдарға да серпін беріп отыр. Мәселен, өткен жылы өңірде 6 мәдениет үйі ел игілігіне берілсе, биыл тағы 10 мәдениет ошағының құрылысы қарқынды жүруде. Бұл – ауылдағы ағайынның рухани сұранысын өтеу бағытындағы нақты қадам. Сонымен қатар жергілікті өнерпаздар мен облыстық мәдениет мекемелері республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, Түркістанның атын әлемге танытуда. Соның бір айғағы ретінде «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблінің Еуропа төрінде өнер көрсетіп, қазақтың төл өнерін ұлықтағанын мақтанышпен айтуға болады. Мұнымен қоса, театрлардың репертуары жаңа туындылармен толығып, қала көшелерінде халықаралық деңгейдегі өнер фестивальдері мен жәрмеңкелер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Кездесу соңында жиынға қатысушы өнер ұжымдары мен сала мамандары өздерінің келелі ойлары мен нақты ұсыныстарын ортаға салды. Министрлік өкілдері мен жергілікті билік алдағы уақытта да елдің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында бірлесе, жұдырықтай жұмыла қызмет етуге уағдаласты. Рухани жаңғыру мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауды басты бағдар еткен Түркістанның алдағы уақытта да мәдениеттің алтын діңгегі болып қала береріне сенім мол.




