КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақ ұғымында ана – тек бір отбасының берекесі емес, бүтін бір ұлттың ұйытқысы, мемлекеттің берік діңгегі. Еліміздегі демографиялық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналған Түркістан өңірі, соның ішінде Жетісай ауданы бүгінде ақ жаулықты аналарды ардақтау мен отбасы құндылықтарын дәріптеудің озық үлгісін көрсетіп келеді. Жақында ғана ауданда көпбалалы аналардың мәртебесін ұлықтап, олардың ерен еңбегін ескеруге арналған тағылымды іс-шара өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмайлов аяулы жандарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін салтанатты түрде табыстап, қоғамдағы ана рөлінің айрықша маңызына тоқталды. Соңғы жылдары ел билігі тарапынан отбасы институтын нығайту, ана мен баланы әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі реформалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аналарды қолдау мен олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге әрдайым басымдық беріп келе жатқанының нақты нәтижесін бүгін Жетісай өңірінің статистикасынан анық көруге болады. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана аудан бойынша 4139 сәби дүние есігін ашқан.
Қазіргі таңда Жетісай ауданында «Алтын алқа» иегерлерінің саны 2243-ке, ал «Күміс алқа» еншілеген аналардың қатары 4923-ке жетіп отыр. Айдос Бақытжанұлы өз сөзінде атап өткендей, аналардың төзімі мен салиқалы тәрбиесінің арқасында елдің ертеңгі тұтқасын ұстар азаматтар қалыптасады. Салтанатты рәсімде құрметке бөленген көпбалалы аналар да көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін ақтарды. Отбасы құндылығын алдыңғы шепке шығарған бұл шара Жетісай топырағында ана еңбегін ардақтаудың, ұлт болашағын ұлықтаудың тағы бір жарқын белесіне айналды.




