ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

Қазіргі таңда аймақтардың экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы тікелей тартылған инвестиция көлемімен және соның нәтижесінде ашылған өндіріс орындарымен өлшенеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Түркістан облысы соңғы жылдары тек мәдениеттің ғана емес, нағыз іскерлік пен ірі капиталдың да орталығына айналып үлгерді. Мұның айқын дәлелі ретінде облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысын атауға болады. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – ағымдағы жылы жүзеге асырылып жатқан және болашақта бой көтеретін ауқымды жобалардың барысы мен туындаған өзекті түйткілдерді жедел шешу жолдары болды.

Бұл басқосу жай ғана есеп беру жиыны емес, аймақ экономикасының тамыр соғысын дөп басып, алдағы даму бағытын айқындаған маңызды қадам болғаны анық. Жиын барысында жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдері, сондай-ақ іскерлік бастама көтерген инвесторлар сөз алып, жобалардың дайындық деңгейі мен кездескен кедергілері туралы ашық айтты. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өз сөзінде әрбір жобаның артында жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы, жаңа жұмыс орындары мен аймақтың бюджеттік кірісі тұрғанын ерекше шегелеп айтты. Ол жауапты тұлғаларға инвестициялық бастамаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруды, кез келген бюрократиялық созбалаңға жол бермей, кедергілерді жедел арада шешуді қатаң тапсырды. Шынында да, әрбір инвестициялық жоба – өңірдің ертеңгі дамуының кепілі. Сондықтан да барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, үйлесімді жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Бүгінде Түркістан топырағында атқарылып жатқан тірлік ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, облыс орталығындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Hygeia Textile Kazakhstan» серіктестігі 16 роторлы иіру желісімен жабдықталған зәулім тоқыма зауытының құрылысын бастап кетті. Бұл – жеңіл өнеркәсіпті жаңа деңгейге көтеретін жоба. Ал Келес ауданында «Ажур» кәсіпорны қуаттылығы 20 МВт болатын күн электрстанциясын салып, жасыл экономиканың дамуына үлес қосуда. Ауыл шаруашылығы әлеуеті зор Төлеби ауданында «Қазығұрт бақтары» агроөнеркәсіптік кешені жемістерді қайта өңдеу цехы мен заманауи көкөніс сақтау қоймасын салса, Жетісай ауданында «Olzha Smart» серіктестігі болашақ ұрпақ үшін жалпы білім беретін мектеп құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар Бәйдібек ауданында «AMANAT AGRO BAIDYBEK» кешені мақта өңдеу мен заманауи тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорынды іске қосу арқылы өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге нақты серпін бермек. Міне, осы бағыттағы сан салалы жұмыстар облыстың әр түкпірінде қарқынды жүріп жатыр.
Бұл ауқымды тірліктің жемісі құрғақ уәде емес, нақты сандармен өрнектелген статистикадан көрінеді. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасына 1,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құраған. Бұл аймаққа деген отандық және шетелдік инвесторлардың сенімі беки түскенін аңғартады. Ең бастысы, өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Биылғы жылдың да межесі төмен емес. Нақ осы 1,7 триллион теңгелік инвестиция тарту жоспарын сақтай отырып, жалпы құны 369 миллиард теңге болатын 67 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы мақсаттар толық орындалған жағдайда, Түркістан облысы экономикалық өсімнің жаңа белесіне шығып, еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңіріне айналары сөзсіз.