САРЫАҒАШТЫҚ ДИҚАНДАР ҚЫРЫҚҚАБАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМІН ЖИНАП ЖАТЫР

Күннің көзі шуағын төгіп, көктем кірген сәтте оңтүстіктің диқандары білек сыбана іске кірісетіні белгілі. Әсіресе, еліміздің негізгі «бақшасы» саналатын Сарыағаш өңірінде қазір нағыз тіршіліктің қайнаған шағы. Биыл да дәстүрден жаңылмаған Жартытөбе ауылының шаруалары ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімін жинауға кірісті. Осы орайда, аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған ауылдық округке арнайы барып, дала жұмыстарының барысымен танысты.

Жартытөбе – тек ауданның емес, тұтас облыстың ерте пісетін көкөніс нарығында өзіндік орны бар аймақ. Қазіргі таңда мұндағы диқандар жиын-терімді қарқынды жүргізіп қана қоймай, дайын өнімді еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтуді бастап кетті. Бұл – ішкі нарықтағы баға тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Арқаның суық желі әлі басыла қоймаған сәтте, оңтүстіктің балғын көкөнісі солтүстік жұртшылығының дастарқанына жол тартуда. Аудан басшысы Арман Абдуллаев ашық егіс алқабындағы жұмысшылармен тілдесіп, шаруалардың тыныс-тіршілігіне қанықты. Ауыл шаруашылығы саласындағы оң динамиканы атап өткен әкім, жер емген диқандардың еңбегіне табыс тіледі. Оның айтуынша, осындай еңбекқор жандардың арқасында ауданның аграрлық әлеуеті жыл санап артып келеді.
Осы орайда, қарапайым еңбек адамының үлгісін Құрама елді мекенінің тұрғыны Срайыл Бадаловтан көруге болады. «Мухаммеджан» шаруа қожалығының тізгінін ұстаған ол – өз ісінің нағыз шебері. Небәрі 0,25 гектар жерді ұқсатып отырған шаруа жыл сайын осы шағын телімнен 15 тоннаға жуық қырыққабат алады. Бұл — жерді тиімді пайдаланудың, технологияны сақтаудың және ең бастысы, маңдай тердің қайтарымы. Срайыл сияқты диқандар үшін әрбір түп қырыққабат — айрықша күтімді қажет ететін өнім.
Жартытөбедегі бұл науқан әлі де жалғаса бермек. Бүгінде сарыағаштықтардың өнімі тек сапасымен ғана емес, табиғи тазалығымен де брендке айналған. Дала жұмыстарының басында жүрген шаруалардың мақсаты айқын. Ол — жиын-терімді ысырапсыз аяқтап, халықты арзан әрі балғын өніммен қамту. Түркістан облысының аграрлық секторындағы мұндай серпінді жұмыстар өңір экономикасының күретамырына қан жүгіртіп тұрғаны анық.