ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Оңтүстіктің қиыр шетіндегі Жетісай ауданында бүгінде құрылыс пен жөндеудің қызған шағы. Соңғы жылдары өңірдегі елді мекендер мен ауданаралық жолдардың сапасын жақсарту, тозығы жеткен көшелерді қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жаңа қарқын алды.
Бүгінде аудандағы жол жөндеу жұмыстары жалаң цифрлармен ғана емес, нақты сапамен де ерекшеленуде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан бірінші кезекте жөнделуі тиіс нысандар айқындалып, олардың әрбір сантиметрі қатаң бақылауға алынған. Тас төсеуден бастап, асфальттың құрамы мен нығыздалу коэффициентіне дейінгі техникалық талаптардың сақталуы – бүгінгі күннің басты талабы. Аудан басшысы Жетісай қаласындағы жол құрылысының барысын арнайы аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді. Қазіргі таңда қала орталығындағы жалпы ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын Қ.Омаршаев, А.Қалыбеков және С.Жәштаев көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025-2026 жылдарға жоспарланған бұл өтпелі жоба мамыр айының соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек.




