«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ КЕПІЛІ»

Биыл бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституциямыз — Қазақстанның саяси даму тарихындағы батыл әрі жасампаз қадам болды. Бұл тек заңдық нормалардың жиынтығы емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жаңа қоғамдық келісім.

Бұл реформалардың ең басты құндылығы — билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың рөлін күшейтуінде жатыр. Осы орайда, өңірлердегі халықтың үні жоғары мінберлерде бұрынғыдан да анық, бұрынғыдан да салмақты естілетін болады. Сондай-ақ бұған дейін шешімін таппай созылып келген көптеген жергілікті түйткілдерді тікелей және жедел шешуге мүмкіндік туды.
Ата Заңның жаңаланған мәтінінде халықтың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері барынша күшейтілді. Әсіресе, Конституциялық Соттың мәртебесін көтеру және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін бекіту — елдегі демократиялық үдерістердің жаңаша сипат алғанын көрсетеді. Бұл өзгерістер әрбір қазақстандыққа өз болашағына сеніммен қарауға, мемлекет ісіне араласуға үлкен септігін тигізеді.
Дегенмен ең озық заң да оны жүзеге асыратын адамдардың жауапкершілігінсіз жұмыс істемейді. Конституцияның әрбір бабы өміршең болуы үшін тек билік қана емес, әрбір азамат, әрбір тұрғын белсенділік танытуы қажет. Біз жаңа құқықтық кеңістікте өмір сүруді бастадық. Ендігі міндет — осы мүмкіндіктерді елдің игілігіне, өңірлердің дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға тиімді пайдалану. Бұл — бәрімізге ортақ тарихи жауапкершілік!

Айжан Ізбасханқызы НАИМБЕКОВА,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.