ХАНТАҒЫДА ЖАҢА ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ САЛЫНУДА

Түркістан облысының туристік картасында жаңа демалыс нүктесі пайда болуда. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының көрікті тау бөктерінде өңір үшін бірегей саналатын заманауи капсулалық қонақ үйлер кешені бой көтеруде. «Хантау» демалыс аймағы табиғатпен үндескен жайлылықты іздеген саяхатшылардың сүйікті орнына айналмақ.

Бүгінде құрылысы қызу жүріп жатқан нысанның жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Бұл тек демалыс орны ғана емес, аймақтың экономикалық әлеуетін көтеретін ауқымды инвестициялық бастама. Жоспар бойынша кешен бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдай алады. Ай сайын 20 мыңға жуық туристке жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Капсулалық үлгідегі үйлер таудың табиғи ландшафтына зақым келтірмей, эко-туризм қағидаттарына сай салынғанымен ерекшеленеді. Бұл ішкі туризмге тың серпін беріп, өңірдің тартымдылығын еселей түспек. Инвестор тек демалыс аймағының ішкі жұмыстарымен шектелмей, айналадағы инфрақұрылымды дамытуға да айтарлықтай үлес қосуда. Қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Су үстінен көпір салынды. Бұл нысанға келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. Электр желілері тартылды. 6 шақырымға созылған жарықтандыру жүйесі болашақта осы аумақта басқа да туристік жобаларды бастаймын деушілерге дайын алаң болмақ. Бұл қадамдар Хантағының тек бір нысанмен ғана шектелмей, тұтас бір туристік кластерге айналуына жол ашады.
Жаңа демалыс аймағының ашылуы Кентау өңірінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына тікелей ықпал етеді. Табиғаттың таза ауасы мен заманауи технологияны ұштастырған «Хантау» кешені алдағы уақытта облыс туризмінің жаңа бағытына айналмақ. Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар Түркістан өңірін тек тарихи нысандармен ғана емес, белсенді әрі заманауи демалыс орындарымен де әлемге танытуға мүмкіндік береді.