ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕ ӨНДІРІС ҚАРҚЫНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті артып, өңірде жоғары технологиялық өндіріс орындары бой көтеруде. Сауран ауданындағы өндірістік парк бүгінде инновациялық жобалардың орталығына айналды. Мұнда ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған дрондар құрастырылып, су тапшылығын жоюға септігін тигізетін заманауи суару жүйелері шығарыла бастады.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өндірістік парктің тыныс-тіршілігімен танысты. Сапардың басты нысандарының бірі — «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-ның агродрондар шығару зауыты болды. Бұл жобаның құны 500 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатына енгенде жылына 600 дана ұшқышсыз ұшу аппаратын нарыққа шығармақ. Қазіргі таңда өндіріс алаңы толық дайындалып, құрал-жабдықтар орнатылған. Дрондардың алғашқы сынамалық үлгілері әзірленген. Азаматтық авиация саласындағы рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары бұл жобаның егістік алқаптарын зиянкестерден қорғау мен тыңайтқыш себудегі маңызына тоқталып, құжаттандыру процесін жеделдетуді тапсырды.
Сапар аясында таныстырылған тағы бір маңызды нысан – жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «Юпитер М» ЖШС зауыты. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын қазірдің өзінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Зауыттың жылдық қуаттылығы 1750 тоннаны құрайды. Ең бастысы, мұнда шығарылған өнімдер тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, көршілес Өзбекстан Республикасына ай сайын экспортталуда. Кәсіпорында 20 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – өңірдегі су үнемдеу технологияларын дамытуға салынған қомақты инвестиция.
Қанат Қайыпбек атқарылған жұмыстарға оң баға бере отырып, инвесторлардың жұмысын жеңілдету үшін әкімшілік және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру қажеттігін атап өтті. «Әкімдік тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Біздің мақсатымыз – инвесторларға қолайлы жағдай жасап, өңір экономикасын жаңа технологиялар арқылы ілгерілету» деді облыс әкімінің орынбасары. Жұмыс сапарының соңында жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, өндірістік парктегі инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Саурандағы бұл жобалар Түркістан облысының индустриялық келбетін айшықтап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін бермек.