ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан өңірі – Қазақстанның демографиялық өсімі жағынан ғана емес, еңбек ресурсының шоғырлануы тұрғысынан да маңызды стратегиялық аймағы. Түркістан облысы бүгінде жаңаша кейіпке еніп, индустрияландыру мен цифрландырудың сара жолына түскен шақта, өңірдегі еңбек қатынастарын заңдастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және кедейлікпен күрес мәселелері күн тәртібінен түскен емес.

Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжіліс осы өзекті бағыттардағы қордаланған мәселелерді талқылап, атқарушы билік пен жауапты мекемелердің жұмысына жаңа серпін берген маңызды жиын ретінде есте қалды. Бұл мәжілісте облыс басшысы еңбек адамының құқығы мемлекеттің басты құндылығы екенін ескерте отырып, кемшілікке жол берген басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне қатаң сын-ескертпелер айтты. Өңір басшысының айтуынша, экономиканың өсуі тек жаңа ғимараттар мен зауыттардың бой көтеруімен ғана емес, әрбір жұмысшының заңды құқығының қорғалуымен өлшенуі тиіс. «Еңбек шарттарын тіркемеген, міндетті зейнетақылары аударылмаған, жазатайым оқиғадан сақтандыру бойынша тиісті шарттарын жасамаған мекемелердің тізімін жасақтап, кемшілікті толық ретке келтіру қажет. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпорындар ашу. Сонда ғана экономика көтеріліп, өзіндік кіріс ұлғаяды» деген Нұралхан Көшеровтің сөзінде үлкен ақиқат жатыр. Шын мәнінде, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін еңбек нарығын ашық ету — бүгінгі күннің басты талабы.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жасаған баяндама өңірдегі нақты жағдайды айна қатесіз бейнелеп берді. Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметіне үңілсек, Түркістан облысында еңбек заңнамасын бұзу фактілері әлі де аз емес. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі 3329 мекемеде 10 449 қызметкермен еңбек шарттары тіркелмегені анықталған. Бұл – он мыңнан астам адамның ертеңгі күні мен әлеуметтік кепілдігіне қауіп төніп тұр деген сөз. Әсіресе, кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларында мұндай құқықбұзушылықтардың жиі кездесуі алаңдатарлық жағдай. Статистикалық деректерге жүгінсек, 2601 мекемеде 7677 адаммен еңбек шарты мүлдем жасалмаған болса, 15 234 мекемеде 55 790 қызметкерге міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған. Бұл көрсеткіштер еңбек заңнамасының талаптарын сақтауды күшейтуді және жұмыс берушілердің жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Қызметкерлердің жазатайым оқиғалардан сақтандырылмауы – жұмыс берушінің ғана емес, бақылаушы органдардың да жұмысындағы олқылықты көрсетеді.
Әлеуметтік саясаттағы келесі бір маңызды бағыт – кедейлікті азайту және атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) әділ тағайындалуын қадағалау. 2026 жылы Түркістан облысында 59 062 адамға АӘК көрсету үшін бюджеттен 6,5 млрд теңге қарастырылған. Негізгі нысана – кедейлік деңгейін 2,7 пайызға дейін төмендету. Жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 5 960 отбасының 36 890 мүшесіне 1,6 млрд теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді. Дегенмен облыс басшылығы тек мемлекеттік жәрдемақыға сүйенуден гөрі, халықты еңбекке тартып, өнімді жұмыспен қамтуды басты басымдық ретінде көреді. Кәсіпорындар ашу мен жұмыссыздықпен күрес нәтижесінде кедейлік деңгейі бүгінде 1,7%-ға дейін төмендеп, АӘК алушылар саны 40,7%-ға азайған. Соңғы бес жылдық динамикаға көз жүгіртсек, бұл көрсеткіштің тұрақты төмендеп келе жатқанын көреміз. 2022 жылмен салыстырғанда көмекке мұқтаждар саны 68,6%-ға қысқарған. Бұл – өңір экономикасының сауығу процесінің нақты көрсеткіші.
Алайда әлеуметтік көмекті тағайындау барысындағы мониторинг жұмыстары әлі де ширатуды қажет етеді. Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген тексерулер барысында 675 отбасының тұрмыстық жағдайы зерделеніп, 115 кемшілік анықталған. Нәтижесінде, 5,3 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмектің негізсіз тағайындалғаны белгілі болды. Бұл қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс және болашақта мұндай заңсыздықтарға жол бермеу үшін жауапты мекемелерге қатаң тапсырмалар жүктелді. Негізсіз АӘК алу – тек бюджетке залал келтіру емес, сонымен бірге қоғамда масылдық пиғылды тудыратын қауіпті құбылыс. Бұл мәселелерді шешудің ең тиімді тетігі ретінде Түркістанда «Ауыл аманаты» жобасы сәтті іске асырылуда. Әсіресе, Сауран ауданының пилоттық аумақ ретінде таңдалуы өте орынды. Мұнда Отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» (тұрмысы өте төмен) санатындағы азаматтарды «C» (қанағаттанарлық) деңгейіне шығару бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы құрылған жұмысшы топтары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кооперативтерге бірігудің, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алудың тиімділігін насихаттауда. Нәтижесінде 32 азамат өз кәсібін бастауға ниет білдіріп, шағын несие алуға өтінім берсе, 46 адам қаржылық жағдайын реттеу үшін бұғатталған банктік шоттарын қалпына келтіруге кіріскен. Бұл – халықтың мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімінің артуы.
Инвестиция тарту мәселесі де еңбек нарығына тікелей әсер етіп отыр. Облыс экономикасына «LIHUA GROUP» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» секілді ірі инвесторлардың келуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік беруде. Инвесторларды тарту арқылы жаңа зауыттар мен өндіріс орындарын ашу – кедейлікті жоюдың ең сенімді жолы. Қорыта айтқанда, Түркістан облысында еңбек адамын ардақтау мен әлеуметтік әділдікті орнату бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жалғасады. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен бұл мәжіліс – тек мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешудің нақты алгоритмін ұсынған басқосу болды. Еңбек заңнамасын бұзған мекемелермен күрес, АӘК-тің әділдігін қамтамасыз ету және «Ауыл аманаты» арқылы халықты кәсіпкерлікке баулу – Түркістанның тұрақты дамуының кепілі. Еңбек нарығындағы тәртіп пен әлеуметтік саладағы ашықтық киелі өңірдің ертеңгі жарқын болашағының негізі болмақ. Облыстағы зауыттар мен өндіріс орындарын ашу жұмыстары жандана береді, ал әрбір жұмысшының құқығы мемлекеттің қатаң бақылауында қала бермек.