БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНЫП, БАСЫМДЫҚТАР БЕЛГІЛЕНДІ

Киелі Түркістан өңірі бүгінде еліміздің экономикалық драйверіне айналып, дамудың жаңа соқпағына түсті. Жуырда өткен сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өңірдің алдағы үш жылдық даму бағытын айқындап, маңызды стратегиялық шешімдер қабылдаған жиын ретінде есте қалмақ. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовтің төрағалығымен өткен бұл басқосуға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, атқарушы билік пен өкілді органның бірлескен жұмысының нәтижелерін саралады.
Сессияның күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджеттің нақтылануы болды. Бұл — халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтауға және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған нақты қадам. Депутаттардың талқысына түскен бюджеттік өзгерістер өңірдегі әрбір ауыл мен ауданның мұқтажын өтеуді көздейді. Мәслихат мінберінен сөйлеген облыс басшысы Нұралхан Көшеров биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жетістіктерге ерекше тоқталды. Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 119,4 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға тұрақтауы кездейсоқтық емес. Бұл көрсеткіш өңірдегі өндіріс пен ауыл шаруашылығының, құрылыс пен инвестицияның жүйелі үйлесім тапқанының айғағы. Алайда жетістікке мастанып, тоқмейілсуге болмайды. Алда Түркістанды әлемдік деңгейдегі саяси орталық ретінде танытатын аса жауапты кезең тұр. Мамыр айының ортасында киелі шаһарда түркі тілдес мемлекеттер президенттерінің саммиті өтеді деп жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өтетін бұл алқалы жиын облыстың инвестициялық климатын жақсартып, туризмнің тамырына қан жүгіртпек. Бауырлас елдердің басшылары Түркістан төрінде бас қосып, ынтымақты нығайтатын маңызды келісімдерге қол қояды деп күтілуде. Бұл — өңір үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік.
Сессия барысында бюджеттен бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қайта қарау және кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселелер де шешімін тапты. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесінде депутаттар белсенділік танытып, нақты ұсыныстарын білдірді. Облыс әкімі өз сөзінде әкімдік пен мәслихат арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын алға тартты. Оның айтуынша, билік тармақтарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуі ғана халықты толғандыратын түйткілді мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Жиын соңында өңір басшысы халықты келе жатқан Бірлік мерекесімен құттықтай отырып, Түркістандағы ынтымақтың мәніне тоқталды. Өңірдегі сан түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – облыс экономикасының тұрақты дамуының кепілі. «Біздің басты байлығымыз — бірлігіміз, ал басты міндетіміз Президент сенімін ақтап, Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы ретінде жаңа биікке көтеру» деді Нұралхан Көшеров. Осылайша, кезектен тыс сессияда қабылданған шешімдер облыс экономикасын нығайтуға ғана емес, халықтың әлеуметтік сенімін арттыруға да бағытталған маңызды жиынға айналды. Түркістанның даму қарқыны тоқтамайды, керісінше, жаңа саяси және экономикалық белестерге қарай қадам баса түспек.




