ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде өңірлерде нақты істермен айшықталып келеді. Бұл бағытта Түркістан облысы әкімдігі жанынан құрылған Азаматтарды қабылдау орталығы билік пен бұқара арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Мұнда тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ешқандай кедергісіз, тікелей тиісті сала басшыларына жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Жақында осы орталықта облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Әділ Бектұрғановтың кезекті жеке қабылдауы өтті.

Кезекті қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі Түркістан қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты мәселелерді көтерді. Қаланың қарқынды өсуі мен инфрақұрылымның дамуы барысында туындайтын кейбір олқылықтар тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етпей қоймайтыны анық. Сондықтан да коммуналдық қызмет сапасы, жылу, су мен жарық мәселесі әрқашан бақылауда болуы тиіс. Сонымен қатар кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі — бейнебақылау жүйесінің жұмысына қатысты да сын-пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Цифрландыру дәуірінде «ақылды қала» тұжырымдамасының ажырамас бөлігі саналатын бейнекамералардың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуі – заман талабы.
Әділ Бектұрғанов азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, әрбір мәселенің мән-жайына қанықты. Ол көтерілген мәселелердің өзектілігін атай келе, оларды заң аясында жедел шешу мақсатында тиісті салалық мекемелер мен жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Өз сөзінде «Тұрғындардың арыз-шағымы жауапсыз қалмауы керек. Әрбір өтініш жан-жақты зерделеніп, заң аясында тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Біздің мақсатымыз – халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде ден қою» деп атап өтті аппарат басшысының міндетін атқарушы.
Қабылдау қорытындысы бойынша тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға тікелей жауап алып, заңды түсініктемелерге қанықты. Бұл тәжірибе бюрократиялық кедергілерді азайтып, мәселенің жергілікті жерде шешілуіне ықпал етеді. Айта кететін жайт, Түркістан облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды тұрақты түрде жеке қабылдап келеді. Бұл жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар да кеңінен қолданылуда. Бүгінде азаматтар жеке қабылдауға екі тәсілмен жазыла алады. Олар — «Е-Өтініш» бірыңғай электрондық платформасы арқылы онлайн түрде және азаматтарды қабылдау орталығына тікелей келіп, өтініш беру арқылы. Бұл жүйе өңір тұрғындарының өтініштерін ашық әрі тиімді қарауға, атқарылған жұмыстың нәтижесін қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, Түркістан облысы билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік қызметтің сервистік моделін қалыптастыруда көш бастап келеді. Тұрғындардың мүддесін қорғау мен олардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.