ТҮРКІСТАН – ЦИФРЛЫҚ ҚАРЖЫНЫҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫ

Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы бүгінде тек тарих пен мәдениеттің ғана емес, заманауи технологиялар мен жаһандық қаржылық бастамалардың тоғысқан нүктесіне айналып отыр. Киелі шаһарда «Банктер және финтех–2026» атты екінші Орталық Азия қаржы-банктік форумының жұмысын бастауы – осының айқын дәлелі. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және цифрлық трансформацияны жеделдетуге бағытталған бұл алқалы жиын отандық және шетелдік қаржы институттарының басын қосты.

Орталық Азияның қаржылық архитектурасын қайта қарауды мақсат еткен форумның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің экономикалық даму қарқыны мен инвесторларға жасалған жағдайлар туралы кеңінен тоқталды. Форумның Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Қанат Қайыпбек атап өткендей, облыс бүгінде Қазақстанның аграрлық және өнеркәсіптік драйвері ғана емес, сонымен бірге заманауи финтех-шешімдерді қабылдауға дайын стратегиялық хабқа айналып келеді. Өңірде жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқаны – қаржы секторы үшін зор мүмкіндік. Әсіресе, 21 индустриялық аймақ пен арнайы экономикалық аймақтардағы салықтық, кедендік жеңілдіктер банктер мен инвесторлар үшін қолайлы климат қалыптастырған.
Облыс басшылығының инвесторларға дайын өндірістік ғимараттар ұсынуы – уақыт пен қаражатты үнемдеудің бірегей үлгісі. Бүгінде өңірдегі 25 өнеркәсіптік паркте 258 ғимараттың құрылысы жоспарланып, оның жартысына жуығы қолданысқа берілген. Мұндай ауқымды инфрақұрылымдық қолдау қаржы институттары үшін ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруға сенімді негіз болады. Форумның мазмұндық бөлігі бүгінгі заманның ең өзекті тақырыптарын қамтып отыр. Пленарлық отырыстар мен панельдік сессияларда сарапшылар жасанды интеллектіні банк ісіне енгізу, блокчейн технологиялары және «Open banking» жүйесін дамыту мәселелерін қызу талқылауда. Қаржы секторындағы цифрлық трансформация тек банк қызметін жеңілдетіп қана қоймай, киберқауіпсіздік пен цифрлық активтерді басқарудың жаңа стандарттарын қалыптастыруды талап етеді. Сондай-ақ, Орталық Азия елдері арасындағы қаржылық интеграция, ұлттық валюталардағы есеп айырысулар мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл – өңірлік экономикалық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды тетігі.
Форум аясындағы диалогтар Түркістанның тек туристік қана емес, сонымен қатар жоғары технологиялық өңір ретіндегі әлеуетін аша түспек. Төрт күнге созылатын жиын барысында жаңа іскерлік байланыстар орнатылып, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізіледі деп күтілуде. Банк саласындағы жасанды интеллектінің рөлін талқылау ертеңгі күннің басты тренді болса, халықаралық инвестицияларды тарту – өңір дамуының кепілі. Жиын соңында қатысушылар үшін ұйымдастырылатын тарихи-мәдени нысандарға экскурсиялар меймандардың Түркістанның рухымен тереңірек танысуына жол ашады. Түптеп келгенде, «Банктер және финтех–2026» форумы Түркістанды Орталық Азияның қаржылық-технологиялық картасындағы маңызды бекет ретінде бекіте түспек.